Эстетикалық гимнастика: спортшылар жарыстарға өз қаражатымен барып жүр

Гимнастиканың бірнеше түрі бар десек, солардың ішіндегі ең жасы – эстетикалық гимнастика. Осы бір спорт түріне 2017 жылдан бастап қазақстандықтар да қызыға бастаған. Тіпті, айналасы 3-4 жылдың ішінде біздің командалар әлемдік аренада жүлделі орындарға да таласып үлгерді. Алайда эстетикалық гимнастиканың қазіргі жағдайы мәз емес көрінеді. Мамандардың айтуынша, спортшылар жарыстарға өз қаражатымен барады екен. Тіпті, халықаралық жарыста топ жарғандар спорт шебері атағын да ала алмай жүр.

Эстетикалық топтық гимнастика көркем гимнастикаға ұқсас. Бірақ өзіндік ерекшеліктері бар. Яғни, әртүрлі жастағы қыз балалар команда болып сайысқа түседі. Кілем үстіндегі үйлесімді би десек те болады. Бұл спорт түрі біздің елде енді таныла бастағанымен, тарихы тереңде жатыр. Шамамен 125 жылдай бұрын Суоми елінде пайда болған эстетикалық гимнастикамен қазір 50-ден аса елдің спортшылары шұғылданады екен. Осы спорт түрінің қыр-сырын аз уақытта ғана меңгеріп алған жерлестеріміз әлемдік жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп үлгерді.

Мадина Бектұрғанова, ҚР Эстетикалық гимнастика федерациясының президенті:

– Бұл спорт түрі бізде 2018 жылдан бастап қарқынды түрде дами бастады. ҰОК мақұлдаған соң 2020 жылы тіркеу туралы куәлігімізді алдық. Екі рет әлем чемпионатына қатысып, үздік төртіктен көріндік. Төрт құрлықтың жарысында бірнеше жүлде алдық. Бірақ біздің спортқа үкімет тарапынан ешқандай қолдау болмай тұр.

«Тіпті бірде-біреуі спорт шебері атағын ала алмай жүр»,– дейді федерация басшылары. Мысалы, 20 гимнастшы 3 жылдан бері халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын күтіп отыр.

Мұхамеджан Бекназаров, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті басқармасының басшысы:

– Федерациялар ережеге сәйкес аккредитация алғаннан кейін бізге нормаларын, талаптарын береді. Біз оны бекітіп, соған сәйкес спорттық атақтарымен, разрядтарын беруіміз қажет. Бүгінгі таңда сол құжаттар бізге келіп түсті. Қарастырылуда. Жақын арада оны енгізіп, спорттық атақтар мен разрядтары ережеге сәйкес берілетін болады.

Қазір кез-келген халықаралық жарысқа бару үшін барлық шығынды ата-аналар өздері көтеріп жүр. «Спорт саласына жауапты мамандар бұл мәселе де жақын күндері шешімін табады»,–дейді.

Мұхамеджан Бекназаров, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті басқармасының басшысы:

– Жаңадан спорт түрі болғандықтан оны саралауға уақыты кеш болғандықтан С категориясына түсіп, А, Б, С категориясына сәйкес қаржыландыру жүріп жатыр. Алдағы уақытта спорттық нәтижелеріне сәйкес оны қаржыландыру жағы қайта қарастырылып, спорттық нәтижелеріне сәйкес оны ата-аналар емес, мемлекеттік деңгейде қаржыландыру жүзеге асырылады.

Олимпиада ойындарынан кейін елімізде спортты дамыту бағытында үлкен-үлкен жобалар жасалыпты. Енді соны жүзеге асыру жолында мамандар аянбай еңбек етеміз деп отыр.

Жандос Айтбайұлы, Индира Оразалинова, Сержан Жұмабаев