Сау спортшылар алмаған жүлдені паралимпиадашы әкелді

Қытай астанасында Паралимпиада өтіп жатыр. Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар жүлдесіз қалған еді. Бұл жолы мүмкіндігі шектеулі жандардан жақсы хабар жетті. Әзірге бұйырғаны бір қола.

Сонымен, Бейжің төріндегі қысқы ойындар жалғасып жатыр. Олимпиададан кейін Паралимпиада өкілдері жарысқа араласты және айта кету керек, кейінгісі біз үшін сәтті басталды. Жарыстың 4-күні, яғни парабиатлон шеберлерінің бәсекесінде жерлесіміз Александр Герлиц жүлдеге ілікті.

Солтүстік қазақстандық спортшы 10 шақырымға тұрып жүгіру бойынша сынға түскен еді. Нысана көздеуде 3 рет мүлт кетті. Соның салдарынан жеңімпаздан 1 минут 21 секундқа қалып қойды. Алтын медаль канадалық Марк Арендцке, ал күміс украиналық Григорий Вовчинскийге бұйырды.

Александр Герлиц, Паралимпиада ойындарының жүлдегері:

- Бәсекелестік жоғары болды. Бұнда қардың ерекшелігі бар. Соны ескеріп, жарысты байыппен бастадым. Кейін әр айналым сайын жылдамдықты арттыра түстім. Нысанаға тигізе алмаған сәттерім бар. Соған қарамастан намысқа тырысып, жүлдеге іліктім. Өте қуаныштымын.  

Айта кету керек, Герлиц үшін бұл Паралимпиададағы алғашқы медаль. Осыдан төрт жыл бұрын, яғни Пхенчханда өткен қысқы ойындарда 4-орынға тұрақтап еді. Енді бұл жолы шеберлігін шыңдап, нәтижесін жақсартты. Алдағы күндері оны қайталауы не одан асып түсуі де мүмкін.

Өйткені қазақстандық спортшылар, оның ішінде Александр Герлиц те басқа қашықтықтар бойынша бағын сынайды. Жалпы Бейжіңдегі ойындарға 5 спортшымыз аттанды. Олар 2 бағыт бойынша, яғни парабиатлон мен парашаңғы жарыстарында өнер көрсетеді және әрқайсысы жүлдеге іліге алады дейді мамандар.

Мұхамеджан Бекназаров, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті басқармасының басшысы:

- Бізде 5 спортшы барды жолдама алып, бесеуіне де үміт артамыз. Әрқайсысы медаль алуға лайықты. Олар көптеген жарыстардан өз деңгейін көтеріп, лицензия алды. Сол себепті әлемдік деңгейдегі спортшылармен салыстырып, жоспарлап отырған жайымыз бар.

Бейжің-2022: Герлиц қола жүлдегер

Сау спортшылар алмаған жүлдені Паралимпиадашы әкелді. Қазір ақпарат құралдары осылай жарыса жариялап жатыр. Әттең, бұны жете түсініп, сүйектерінен өткізетін спортшылар не шенеуніктер болса. Өйткені Токио мен Бейжіңдегі нәтижелер қазір ұмытылды. Жауаптылар жазаға тартылмады. Ақшаның есебі берілмеді.

Ақша демекші, дәл осы жеңісі үшін Александр Герлиц 38 миллион теңге алады. Яғни бізде Олимпиада ойындары сияқты Паралимпиада мен суролимпиада жүлдегерлеріне де алтын үшін 250 мың, күміс үшін 150 мың, ал қола үшін 75 мың АҚШ доллары қарастырылған. 75 мың доллар қазіргі валюта бағамымен 38 миллион 175 мың теңгені құрайды.

Александр Герлицтің осы жетістігі елдегі басқа да мүмкіндігі шектеулі спортшыларға керемет мотивация болды. Енді құзырлы министрлік осының негізінде саланың дамуына тың серпін беруді жоспарлап отыр. Әсіресе солтүстік өңірлерде парабиатлон мен парашаңғының базаларын қалыптастырып, әуесқой және кәсіпқой спортшылардың емін-еркін жаттығуына жағдай жасамақ. Бұдан бөлек паралимпиададық емес те қысқы бағыттар бар. Саланың басы-қасындағылар осының барлығын жүйелеп, оның дамуына дүмпу әкелеміз дейді.

Мұхамеджан Бекназаров, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті басқармасының басшысы:

- Олимпиада және Паралимпиада ойындарының нәтижесіне сәйкес, жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, өңірлермен бірлесе бағыт-бағдар белгілеп, нақтылап, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында насихат жасап, алдағы уақытта белгілі бір жоспармен дайындаламыз деп жоспарлап отырмыз.   

Бейжің-2022: кезекті жарыс күні

Қола жүлденің арқасында қазір еліміз жалпы медальдік есепке ілігіп, тізімнің 17-сатысына жайғасты. Швейцария мен Австралия қоржынында да 1 қолдадан бар. Ал топ басына 31 жүлде жеңіп алған Қытай құрамасы көтерілді. Жергілікті спортшылар бүгінге дейін 8 алтын, 9 күміс, 12 қола еншіледі. Үздік үштікті Украина мен Канада түйіндеп тұр. Оларды өкшелеп Франция, Жапония, Славакия, Германия сияқты елдер келеді және әрқайсысының топ басынан табылудан дәмелі. 

Бейжіңдегі ойындарға бас-аяғы 50 елдің өкілі, яғни 700-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Жарыстың жалпы қорытындысы 13 наурызда белгілі болады. Байрақты бәсекекенің жабылуы салтанаты да осы күнге жоспарланған.