Жансель Дениз Азия федерациясы президентінің кубогында топ жарды

Қазақстандық таеквондошылар Азия федерациясы президентінің кубогын сәтті бастады, деп хабарлайды Қазақстан таеквондо федерациясының баспасөз қызметі.

Жарыстың алғашқы күнінде 73 келінің өкілі Жансель Дениз алтын медаль жеңіп алды.

Финалда жерлесіміз иорданиялық спортшы Рама Абоалробтан (Rama Aboalrob) басым түсті. Қола жүлде ирандық таеквондошылар Захра Киан мен Мелика Мирхоссейнидің еншісінде.

Бұл Жансель Дениздің Ирандағы үшінші медалі. Бұған дейін ол клубтық Азия чемпионаты мен дәстүрлі «Fajr Open» турнирінде күміс медаль иеленді.

Сол арқылы Жансель Оңтүстік Кореяда өтетін Азия чемпионатына жеке жолдама алып отыр. Яғни енді сары құрлық біріншілігінде 73 келіде Қазақстан намысын екі аруымыз қорғайды.

Дүбірлі дода жалғасуда.