476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Бейжің-2022: сыйақы көлемі артты

  • 151
  • UPD: 21:30, 11.03.2022
Бейжің-2022: сыйақы көлемі артты

Тағы 20 мың доллар. Қазақстандық Александр Герлиц бүгінгі және бірер күн бұрынғы нәтижелерінің арқасында мемлекеттен алатын сыйақы көлемін арттырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бізде жүлдегерлерден бөлек, 4,5, тіпті, 6-орын алғандарға да қосымша төлем қарастырылған. Соған сәйкес Александр қос бәсекеде бестіктен табылғаны үшін 10 мың доллардан алады. Бұған қоса, қолап жүлде үшін берілетін 75 мың доллар бар. Қазірдің өзінде бас-аяғы 95 мың долларға ие болып отыр. Ұлттық валютаға шаққанда 50 миллион теңгеге жуықтайды.

Айта кетейік, Александр Герлиц алдағы күндері тағы жарыстарға шығады. Ертең және арғы күні парашаңғы бәсекесі бойынша бағын сынап, қоржындағы медаль санын еселеуге тырысады.

БЕЙЖІҢ-2022: КЕЗЕКТІ ЖАРЫС КҮНІ

Қытай астанасында паралимпиада өтіп жатыр. Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстандық спортшылар жүлдесіз қалған еді. Бұл жолы мүмкіндігі шектеулі жандардан жақсы хабар жетті. Әзірге бұйырғаны бір қола. Сонымен Бейжің төрінде кезекті жарыс күні аяқталды. Бүгін қазақстандық спортшылар парабиатлонда ғана бағын сынаған. Қоржында жүлде жоқ. Бірақ тәуір нәтижелер бар. Ұлттық құрамадағы Александр Герлиц кезекті рет 5-орынға табан тіреді. Жерлесіміз 12 шақырымға тұрып жүгіру бойынша бәсекеге қатысты және жарыс соңына дейін жүлдеден үміт болды. Бірақ нысана көздеуде 2 рет мүлт кетті.

Әсіресе соңғысы Александрдың мүмкіндігін тежеді. Нәтижесінде жалпы есепте тек 5- орынға тұрақтады. Бас жүлде франциялық Бенджамин Давьеге бұйырлы. Үздік үштікті Канада мен Украина спортшылары түйіндеді. Бұған қоса, тағы бір қазақстандық Сергей Усольцев отырып жарысуда жүлдеге таласып көрген еді. Бірақ жолы болмады. Ол насана көздеуде 1 рет қателесіп, жалпы есепте 15-сатыға жайғасты.

БЕЙЖІҢ-2022: ТАУ ШАҢҒЫСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ

Тау шаңғысының үздіктері анықталды. Қысқы ойындардың кезекті жарыс күні экстрималды бағыт бойынша 3 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Алғашқысы австриялық Йоханнес Айгнерге бұйырды. Көру қабілеті төмен спортшылар арасындағы сында ол алдына жан салмады. Айта кету керек, 16 жастағы спортшы үшін бұл Бейжің паралимпиадасындағы екінші алтын жүлде. Үздік үштікті Италия мен Словакия өкілдері түйіндеді. Ерлер арасында тұрып сырғанау бойынша финляндиялық Сантери Кивери чемпион атанды. Ал отырып сырғанауда норвегиялық Йеспер Педерсенге тең келер ешкім болмады. Йеспер осымен Бейжің паралимпиадасының 3 алтынын жеңіп алып отыр және көрсеткішін тағы арттыра алады. Жексенбі күні тау шаңғысының слалос түрі бойынша жарыс өтеді

БЕЙЖІҢ-2022: КҮН ЖЫЛЫП КЕТТІ

Күн жылып кетті. Қысқы паралимпиада өтіп жатқан Бейжің қаласында және Яньцин мен Чжанцзякоу аймақтарында сынап бағанасы жоғарылап, жарыс кестесі өзгеріп жатыр. Әсіресе сноубордттиың финалдық сындары 90 минутқа кейінге шегерілді. Жарыстың басы-қасындағылар алдағы уақытта жаңбыр жауып, қар ери ме деп қауіптенеді.

Қазірдің өзінде кей жерлерде +12 градусты көрсетіп тұр. Бұл шаңғыны майлауда және жарыс кезінде қосымша күш салуға мәжбүрлейді. Ал қазақстандық спортшылар қатысып жатқан шаңғы мен биатлон жарыстарында бұндай қауіп жоқ. Өйткені жерге жасанды қар төселген.

Айта кетейік, қысқы олимпиада кезінде, керісінше жағдай болған еді. Ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендеп, желдің екпіні күшейді. Салдарынан бірқатар жарыс кейінге қалдырылды.

Александр Герлиц, паралимпиада ойындарының жүлдегері:

– Қытайға келген кезде қатты суық болды. Әсіресе Чжанцзякоу өңірінде желдің екіпіні күшті еді. Қазір жағдай бірқалыпты. Апта соңына дейін сынап бағасы +20 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Оған таңданудың қажеті жоқ. Қазір көктем мезгілі.

БЕЙЖІҢ-2022: РЕСЕЙ СПОРТШЫЛАРЫ ШЕТТЕТІЛДІ

Ресей өз паралимпиадасын өткізеді. Ішкі біріншілік 18 және 21 наурыз аралығында Ханты-Мансиск аймағында ұйымдастырылмақ. Бұл жөнінде Ресей үкімет басшысының орынбасары Дмитрий Чернышенко мәлімеді. Кейін бұл жарысқа Беларусь спортшылары да жіберілетіні белгілі болды.

Айта кетейік, қалыптасқан жағдайға байланысты халықаралық паралимпиадалық комитет Ресей мен Беларусь құрамаларын Бейжің ойындарына қатыстырмады.

Бастапқыда бейтарап статуста өнер көрсетеді делінген. Кейін жарысқа мүлде жіберілмей, еліне кері қайтарды. Енді халықаралық ұйым бас асамблеяның кезектен тыс жиынын өткізіп, Ресей мен Беларусь федерацияларын мүшеліктен шығару мәселесін талқыламақ. Бұған қоса, халықаралық паралимпиадалық комитет Ресей мен Беларусь елдерінде ешқандай шара ұйымдастырмайды.

Дмитрий Чернышенко, Ресей үкімет басшысының орынбасары:

– Ханты-Мансийск қысқы ойындарды қабылдауға дайын. Аймақтағы спорттық инфрақұрылым оны ойдағыдай өткізуге мүмкіндік береді. Өйткені бір-біріне жақын орналасқан. Өңірдің климаты да қысқы спорт түрлерінен жарыс ұйымдастыруға қолайлы.

 

Хабар 24 телеарнасы