Рыбакина АҚШ-та ширек финалға шықты

Рыбакина жеңіске жетті. Американың Индиан-Уэллс қаласында теннистен халықаралық турнир жалғасып жатыр.

Жарыстың кезеті күні қазақстандық Елена Рыбакина швейцариялық Виктория Голубичпен кездесті. Бір жарым сағатқа созылған матч жерлесіміз айқын басымдығымен аяқталды. Қорытынды есеп: 7:6, 6:2. Осындай нәтижені көпшілік күтті де. Өйткені Рыбакина қазір әлемдік рейтингте 20, ал Голубич 51-ші тұр. Елена үшін ендігі кездесу қиын болады. Ол ширек финалда тізімнің 6-сатысына жайғасқан Мария Саккаримен жолығады. Ширек финалдық ойын 18 наурызда өтеді. Ал ерлер арасындағы сында қазақстандық Александр Бублик қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Ол болгариялық Григор Димитровпен ойнаған ед.

Айта кетейік, Америкадағы аламан 20 наурызға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 8 миллион долларды құрайды.