Майами турнирі: Юлия Путинцева екінші айналымға шықты

Майами турнирі: Юлия Путинцева екінші айналымға шықты
olympic.kz

Путинцева жеңіске жетті. Дәл қазір АҚШ-тың Майами қаласында теннистен рейтингілік турнир өтіп жатыр. Қазақстандық Юлия Путинцева алғашқы айналымда германиялық Настасья-Мариана Шункты ұтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді кезекті кезеңде чехиялық спортшымен жолығады. Майами қаласындағы жарыс 3 сәуірге дейін жалғасады.

КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУГЕ ДАЙЫНДЫҚ

Негізгі деген ойыншылар алаңға шықпайды. Бірақ қалған жігіттер оларды жоқтатпай, үмітті ақтауы қажет. Бұл жөнінде ұлттық құрама бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович мәлімдеді. Қазақстандық футболшылар қазір Молдова астанасы Кишенев қаласында соңғы дайындықты пысықтап жатыр. Олар ұлттар лигасы аясында жергілікті командамен жолығады. Матч бүгін елорда уақытымен 23:00-де басталады. Кездесуге жарақатына байланысты Ян Вораговский мен қызыл қағаз алған Исламбек Қуат қатыспайды. Басқалары тас түйін дайын деді бас бапкер.

Айта кетейік, Қазақстан мен Молдова бұған дейін 5 рет кездескен. Екі рет Қазақстан, екі рет Молдова жеңіске жетті. Ал бір ойын тең нәтижемен аяқталды.

Андрей Карпович, Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы:

- Командада тәжірибелі ойыншылардан бөлек, жастар да бар. Олар матчқа үлкен құлшыныспен шығады. Біз олармен жиі сөйлесіп, өздеріне артылған сенім мен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екендігін түсіндіреміз. Алдағы ойын бізге үлкен сынақ болғалы тұр. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жетіп, «С» лигасында қалғымыз келеді.

ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ

Ел үздіктері анықталды. Елордада дзюдодан жасөспірімдер арасындағы ішкі біріншілік өтті. Оған  700-ден аса қатысушы жиналып, 3 күн бойы өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде жалпы есепте Шымкент құрамасы топ жарды. Оның еншісінде 4 алтын мен 1 күміс бар. Әсіресе, орта салмақтарда Нұрдәулет Төлен мен Талғат Орынбасар, ал қыздар арасында Маржан Даушова және Сабина Юлдашбековалар қарсылас шақ келтірмеді. Жалпы есепте үздік үштікті Түркістан мен Қызылорда облыстары түйіндеді. Оларды, сәйкесінше, 3 және 2 алтыннан бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналғандар осылай 16 салмақта сынға түсіп, ерекше көзге түскендері ұлттық құрамаға алынды. Енді олар алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды.

ВЕЛОКӨПКҮНДІКТІҢ КЕЗЕКТІ КЕЗЕҢІ

 «Астана» шабандозы 34-орында. Испанияның таулы қыратты аумағында велокөпкүндік өтіп жатыр. Вуелта Каталония  бәсекесінің кезекті, яғни, үшінші кезеңі 161 шақырымға созылды. Оны ең бірінші болып аустралиялық Бен О'Коннор жүріп өтті. Ол аталған аралықты 4 сағат 12 минут 51 секундта бағындырды. Ал, «Астана» спортшылары арасынан ең тәуір нәтижеге Хавьер Ромо қол жеткізді. Ол мәре сызығын 34-ші болып кесті. Жалпы есепте де Бен О'Коннор топ бастап тұр. Қазақстандық клуб мүшесі Хавьер Ромо  32-ші сатыға жайғасты. Қалғандарының көрсеткіші тіптен төмен. Бірақ, үмітті үзбейміз. Өйткені, алда әлі 4 кезең бар. Вуелта Каталония  велокөпкүндігі 28 наурызға дейін жалғасады.