АҚШ-та Канело қазақ жігіттерімен жаттығып жүр

Қазақстандық «Сүлеймен Промоушн» компаниясы эксклюзивті видео жолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жерде Қанат Орақбаев баптайтын жігіттер, оның ішінде жақында ғана кәсіпқой боксқа ауысқан Абылайхан Жүсіпов мен Әбілхан Аманқұл және жеңіліссіз келе жатқан Евгений Павлов пен Айдос Ербосынұлы мексикалық командамен шеберлік шыңдауда. Жақын арада олардың қатарына тағы бір жерлесіміз Бек Нұрмағамбет те қосылады. Бірлескен жаттығу жиыны АҚШ-та өтіп жатыр. Әсіресе, Айдос Ербосынұлы Сауль Альвареске спарринг қарсылас болып, алдағы кездесуге дайындықты пысықтауға кірісті.

Айта кетейік, Канело мамыр айында ресейлік Дмитрий Биволмен жолығады. Ал қазақстандық боксшылар бір айдан кейін Америка төріндегі жекпе-жек кешіне қатыспақ. Оның өтетін орны мен кезекті қарсыластары жақын күндері белгілі болады.

ЕЛ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Қол күресінің шеберлері Талғарға жиналды. Бұнда ел чемпионаты өтіп, оған 200-ден аса үміткер қатысты. Армрестлингтен қазақ спортшыларының аяқ алысы жақсы. Өткен жылы Румыниядағы дүниежүзілік додада жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте топ жарған еді. Ішкі біріншілікте де бәсекелестік артқан. Кейбір салмақта жүлделі орыннан үміткер деген мықтылар жарыстан шығып қалып жатты. Нәтижесінде ардагерлер арасында Алматы облысының намысын қорғаған Айдын Есеркеев ешкімге дес берген жоқ. 70 келіде атыраулық Константин Тарабрин топ жарса, әйелдер арасында Рахия Молдашева жеңіс тұғырынан көрінді. Ардагерлер арасында Шығыс Қазақстандық Татьяна Ушакова чемпион атанды. Сондай-ақ Еркін Әлімжанов пен Мұратбек Қайрлин, Әбдіуәли Тастанов пен Болат Кершеновтар өз салмақтары бойынша жеңіс тұғырынан көрінді. Қазақстан чемпионатында топ жарғандар алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды.

Марат Асаинов, ҚР қол күресі және кір тасы федерациясының президенті:

Ең мықтылары Алла жазса, Азия чемппионатына барады. Азия чемпионаты бізде осы сәуір айының аяғына Өзбекстан Самарқанд қаласында өтеді. Соған біздің ең мықтыларымыз чемпиондарымыз барады. Қазақтан құрама командасын реттеп барамыз,бұйырса бірінші орынға ие боламыз ғой.