Теннистен Дэвис кубогы: Қазақстан үшінші себетке түсті

Халықаралық теннис федерациясы (ITF) 14-18 қыркүйекте Дэвис кубогының топтық кезеңі (Davis Cup – The World Cup of Tennis) өтетін төрт қаланы анықтады, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Топ құрамдар 31 наурызда Лондонда өтетін жеребеден кейін белгілі болады. Дэвис кубогы – әлем чемпионатының топтық кезеңі қарсаңында командалар төрт себетке бөлінді.

Себеттер құрамы: Бірінші: Хорватия, Испания, Франция, АҚШ; Екінші: Германия, Италия, Канада, Ұлыбритания; Үшінші: Қазақстан, Бельгия, Сербия, Аргентина; Төртінші: Швеция, Австралия, Нидерланд, Оңтүстік Корея.

Жеребе 31 наурыз күні елорда уақытымен сағат 20:00-де тартылады.

Осылайша, 14-18 қыркүйек аралығында Болонья (Италия), Гамбург (Германия), Глазго (Ұлыбритания) және Малага (Испания) қалаларында 16 құраманың ішінен үздік сегіздік анықталады. Содан кейін 23-27 қарашада үздік сегіз құрама арасынан Дэвис кубогының жеңімпазы – 2022 жылғы әлем чемпионы белгілі болады.