Көркем гимнастикадан қала чемпионаты аяқталды – Нұр-Сұлтан

Елорданың Тәуелсіздік сарайында көркем гимнастикадан қала чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Чемпионтақа 5 жас санаты бойынша 300 спортшы қатысты. Қалалық турнир осы жылдың мамыр айының басында өтетін республикалық чемпионатқа іріктеу болып саналады.

«Елордада көркем гимнастика қарқынды дамып келе жатқанын атап өткім келеді. 2012 жылы қалада бір ғана көркем гимнастика мектебі болса, бүгінде 17 спорттық мекеме бар. Бірнеше жыл ішінде осы спорт түрімен айналысатын балалар саны 3 мыңға жетті. Бұл жақсы үрдіс. Төрешілер алқасы элементтерді орындаудың күрделілігі мен тазалығын, әртістілікті, әуенділікті, гимнастикалық снарядтарды меңгеру шеберлігін бағалайды», – деді бас судьяның орынбасары Меруерт Балғынбаева.

Нұр-Сұлтан көркем гимнастика федерациясының вице-президенті Әсия Хаиралиева чемпионатта үлкен бәсекелестік болғанын атап өтті.

«Елордада үздік бапкерлер құрамы және еліміздегі замануи залдардың бірі бар. Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда жаңа коммерциялық спорт мектептері ашылуда. Бізде жоғары деңгейдегі гимнастарды дайындап, Қазақстан ұлттық құрамасының жаттығу алаңдарын ұсынуға мүмкіндігіміз бар. Жалпы көркем гимнастика – классикалық хореография, цирк өнері және акробатика», – деді ол.
Турнир соңында жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.