Қазақстандық ескек есушілер Азия чемпионатында топ жарды

Қоржында 15 медаль. Еліміздің ескек есушілері құрлықтық додадан осындай олжамен оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байрақты бәсеке Таиландтың Паттайя қаласында өтті. Байдарка мен каноэда ескек есудің слалом түрі бойынша жерлестеріміз 6 рет чемпион атанды. Бұған қоса, 8 күміс пен 1 қола бар. Әсіресе Анастасия Ананьева мен Екатерина Таранцева 3 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Ерлер арасында Қуаныш Еренғайыпов және Александр Куликовтарды ерекше атап өтуге болады. Ел абыройын асқақатқан спортшыларды елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды. Енді олар сәл тынығып, алдағы халықаралық додаларға қайта дайындалады. Жарыстар кестесі өте тығыз. Әсіресе жылдың басты бәсекесі – Азия ойындарында биіктен көріну керек –дейді бас бапкер.

Светлана Куликова, ұлттық құраманың бас бапкері:

– Ескек есу жарыстары ұзақ үзілістен кейін қайта жанданып отыр. Осы жолы физикалық бабымызды және жарыс алды стратегиямызды байқап көрдік. Қыз-жігіттер барлығын ойдағыдай орындап, үмітті ақтады. Енді осы қарқынды жоғалтпай, қыркүйектегі Азия ойындарында топ жаруды көздеп отырмыз.