Кувейтте стэнд атудан жерлестеріміз жүлдемен оралды

Сұрмендеріміз алдына жан салмады. Кувейтте стэнд атудан халықаралық жарыс өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рейтингілік бәсекеге бас-аяғы 300-ден аса қатысушы жиналып, 10 күн бойы өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде 3 қызымыз жүлдеге ілікті. Әсіресе трап бәсекесінде Сәрсенгүл Рысбекова барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, алтын жүлдегер атанды. Кейін оның жеңіс жолын скит бәсекесінде Әсем Орынбай жалғастырды. Тағы бір қазақстандық Мария Дмитриенко күміс жүлде еншіледі. Ол финалда 50 нысананың 41-інде дәл тигізді. Ал ұлттық құрама сапындағы Зоя Кравченко жүлдеге сәл жетпей тоқтады. Жалпы есепте 4-орын алды.

Айта кетейік, дәл осы қыздар бірер күн бұрын Кипрдегі әлем кубогында да топ жарып, командалық сында үздіктер қатарынан көрінді.