Александр Недовесов Испаниядағы турнирдің ширек финалына шықты

Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Испаниядағы Марбелья челленджер турнирінің ширек финалына шықты.

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген Александр Недовесов пен пәкістандық Айсам Куреши бастапқы кездесуін бразилиялық Рафаэль Матос – испаниялық Давид Вега-Эрнандеспен өткізді. ҚТФ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық-пәкістандық жұп 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Недовесов пен Куреши 1 сағат 22 минутқа созылған бәсекеде 5 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді. Олардың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.

Португалияның Оэйраш қаласында өтіп жатқан челленджер жарысында жекелей сында Дмитрий Попко алғашқы кездесуінде италиялық Лусиано Дардериден 3:6, 2:6 есебімен ұтылып қалды. Ал Тимофей Скатов екінші айналымда Бразилияның бірінші, әлемнің 116-ракеткасы Тьяго Монтейроға тартысты матчта есе жіберді – 7:6 (7:5), 2:6, 6:7 (4:7).