Шаңғы спортын шалқасынан құлатпайық

Биатлоншылар жыл бойы үздіксіз жаттығуы тиіс. Ол үшін шаһарда шаңғы-роллер трассасы болуы керек. Риддерлік қоғам қайраткерлері билікке бұл мәселені бес жылдан бері айтып келеді. Аймақтағы ауа райы да шаңғышылар үшін қолайлы. Еліміздің қысқы спорттағы жетекші өңірі саналатын Шығыстан талай мықтылар түлеп ұшқан.

- Бежим спринтерские эстафеты первый стартует с нуля второй стартует через 30 секунд по команде марш.

Бұл жас биатлоншылардың жазғы үзіліс алдындағы соңғы кешенді жаттығуы. Күн жылыған соң шаңғыны қоймаға тастап тек жалпы дене шынықтыруға көшуге тура келеді. Себебі таулы аймақта жыл бойы шұғылданатын шаңғы-роллер трассасы жоқ. Соған қарамастан шаңғы үйірмелеріне қызығушылық жоғары. 2017 жылдан бері 300-ден астам бала жазылған. Сәйкесінше бұқаралық спорт та нәтижелі. 

- У нас участвует Кумарбеков Алмас на первенстве с 8-по 9 марта по биатлону он занял 3 место - это перспективные ребята которые в дальнейшем попадут в состав команды области.

Михаил Ковалев балалардың болашағы үшін ғана еңбек етіп жүргендігін айтады. Себебі тиісті спорт алаңдары мен стадион, инфрақұрылым қолға алынбай бүгінгі жеңіс уақытша ғана жетістік дейді. Тіпті қысқы жаттығу трассасының өзі жергілікті бапкерлердің бастамасымен жасалған. Тұрғын үй алқабы маңында орналасуы да балаларды шаңғы спортына жақын етеді. 

Михаил Ковалёв, бапкер:

- Шаңғы трассасын біз алты жыл бойы жасадық. Бапкерлер, ата-аналар көмекке келді. Шығыс Қазақстан облысының кәсіби спортшыларының көрсеткіштері нашарлап бара жатқандығын мойындау керек. Мұның өзі тиісті инфрақұрылымдардың болмауынан туындап отыр. 

Бапкер сөзінің жаны бар. Себебі отандық биатлонның басты өкілдері Алексей Полтаранин мен Сергей Черепанов, Геннадий Матвиенколар спорттық мансабының жұлдызды сәтін артта қалдырған. Ал ел аузында жүрген, ертеңінен үміт күттіретін жас спортшылар есімін қалың бұқара білмейді. Жергілікті билік бұл жайтты да мойындап отыр. Алайда моноқаланың бюджеті миллиондаған қаражат тұратын қымбат жобаны жүзеге асыруға қауқарсыз дейді.  

Мұрат Байжұменов, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазір қолымызда жоба әзір. Облыстың қолдауымен мемлекеттік сараптамаға жолданады. Себебі құны 600 миллион теңге. Қалада ондай қаражат жоқ. Сондықтан облыс орталығынан сұраймыз.

Облыстық бюджет үшін бұл сома көп емес. Бірақ қаражат жергілікті спорт саласы өкілдері мен Риддер мәслихаты депутаттары келісімін берген соң бөлінеді. Ал бұл екі топ арасында әзірге ауызбіршілік болмай отыр. Белсенділердің бірі шаңғы-роллер трассасы құрылысын таңдаса, өзгелері жергілікті стадионды қайта жөндеу қажет дейді.

Серік Көсембаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Қос нысан да арзан жоба емес. Әзірге біреуін ғана салуға мүмкіндік бар. Сондықтан Риддер тұрғындары келісімге келіп, біреуін таңдағаннан кейін құрылысқа кірісеміз.

Ал салалық министрлік өкілдері болса шаңғы-роллер трассасы құрылысына жергілікті кәсіпкерлер де қолдау көрсетуі тиіс деп санайды. Ірі тау-кен байыту кешені бар өндірістік шаһарда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де болуы керек.

Мұратбек Ищанов, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы:

- Моноқалада ірі өндіріс орнының бар екендігін ескерсек бұл мәселені шешуге сол кәсіпорын да атсалысуы ықтимал екендігі рас. Патриоттық сезім мен ел алдындағы жауапкершілікті айтпағанда спорттың қысқы түрлері ерекше көңіл бөлуді талап етіп тұрғанын да негізге алу керек.

Бұл ретте кәсіби спортшыларды дайындау мен қаржыландыру жүйесін қайта қарастыру қажет. Себебі Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан спортына жұмсалатын қаражаттың тек 6 проценті ғана Олимпиада ойындары қатысушыларына тиесілі. Ал шетелдік легионерлер самсап жүрген кәсіби спорт клубтары миллиардтаған инвестицияны құмға сіңген судай жым қылуда.

Мансұр Есқожин, Вячеслав Ветлугин и Дмитрий Пыхтин