Қарағандыда бұқаралық спорт мәселесі талқыланды

Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне және олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы материалдық ақы 24-тен 100 айлық есептік көрсеткішке көтерілген.

Бұл туралы спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев мәлімдеді. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Қарағанды өңіріне жасаған көшпелі мәжілісі кезінде бірқатар спорт нысаны қаралып, спортқа 3 бағытта өзгеріс керек екені айтылды. Олар бұқаралық және балалар спорты, спорттық инфрақұрылым және жоғары жетістіктерге қол жеткізетін спорт. Министрлік тарапынан ұлттық құраманың штат саны бір мың адамнан 3 мың адамға дейін ұлғайтылған. Мамандар бұл кесте 1994 жылдан бері өзгермеген деп отыр. Кейінгі спорт сайыстары салаға білікті мамандар мен бапкерлер жетіспейтінін көрсеткен.

Самат Ерғалиев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

- Спортшыларымыздың  Токиодағы жазғы, Бейжіңдегі қысқы сәтсіздіктерін ескере келе, бұрын жіберілген кемшіліктерді ескере отырып Париж-2024, Милан–2026 Олимпиада ойындарына дайындық бағдарламасы әзірленіп жатыр. Көпшіліктің назарын жиі аударатын мәселенің бірі допинг мәселесі. Мысалы, 2021 жылғы жазғы Олимпиада түрлерінен 2318 тест өткізілді, 8 спорт түрі бойынша 18 оң нәтиже шықты. Өкінішке орай, бұл спорттық медицина орталығының кемшілігі болып табылады.