«Реал Мадрид» футболшылары «Челсиді» ұтты

«Реал Мадрид» футболшылары «Челсиді» ұтты

«Реал» «Челсиді» ұтты. Футболдан чемпиондар лигасының ширек финалы жалғасып жатыр. Оның аясында Испания және Англия клубтары Мадрид қаласында қарымта матч өткізді. Есепті қонақтар ашты.

15-минутта Мэйсон Маунт мергендігімен көзге түсті. Ал ойынның екінші бөлігінде командаласы Антонио Рюдигер есепті еселеді. Лондондық клуб қарқынын одан сайын үдетіп, 75-минутта тағы бір гол соқты. Бұл жолы Тимо Вернер мүмкіндігін мүлт жібермеді. Бірақ алаң иелері сапындағы Родриго көп ұзамай есеп айырмасын қысқартып, қорытынды нәтижені 3:1-ге жеткізді.

Айта кетейік, Лондонда өткен алғашқы матчта да осындай нәтиже тіркелген еді. Сондықтан төреші қосымша уақыт белгіледі. Бұл аралықта Карим Бензема гол соғып, Реалға жеңіс сыйлады. Осылайша «Реал Мадрид» чемпиондар лигасының жартылай финалына жолдама алды. Ал «Челси» жарысты осы жерден аяқтайды.

Томас Тухель, «Челси» клубының бас бапкері:

- Бүгін жақсы ойнадық. Жоспардағы мүмкіндіктерді жүзеге асырдық. Мінез таныттық. Тіпті келесі кезеңге өтетінімізге сенімді де болғанбыз. Бірақ жолдама алаң иелеріне бұйырды. Жоқ жерден екі гол жіберіп алдық. Бұл біздің үлкен қателігіміз. Алдағы ойындарда осы олқылықты ерекше ескереміз.

ЧЛ: «Вильяреал» «Баварияны» ұтты

Жартылай финалдың тағы бір жолдамасы Мюнхенде сарапқа салынды. Бұнда жергілікті Бавария мен испаниялық Вильяреал қарымта мачт өткізді. Ең бірінші боп Роберт Левандовски гол соқты. Ол 52-минутта есеп ашқан еді. Ойынның аяқталуына 2 минут қалғанда қонақтар сапындағы Самуэль Чуквезе таразы басын теңіестіріп кетті. 

Қортынды нәтиже 1:1. Ал қос команда арасындағы алғашқы мачта 1:0 есебімен Вильяреал ұтты. Сондықтан, испаниялық клуб жартылай финалға жолдама алды. Бұл нәтижені футбол мамандары сенсацияға балап жатыр.

Унаи Эмери, «Вильяреал» клубының бас бапкері:

- Ең басты мақсаттарымызға қол жеткіздік. Алғашқы ойынды негізге ала отырып, арнайы жоспар құрдық. Көбіне қорғанысқа ден қойдық. Бавария фаворит екені анық. Бірақ біз орайын тауып, өз ойынымызды жүргіздік. Нәтижеге көңілім толады.