Теннис: Қазақстан әйелдер құрамасы тарихында алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шықты

Алдағы уақытта қазақстандық теннисшілер әлемнің үздік 12 командасының қатарында өнер көрсетеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Мұның алдында Қазақстан 3:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жеткеннен кейін кестеге өзгерістер енгізілді. Юлия Путинцева мен Лаура Зигемунд кортқа мүлдем шыққан жоқ. Жұптық сында Қазақстан құрамасы (капитаны Ярослава Шведова) сапында Елена Рыбакинаны Жібек Құламбаева алмастырды. Ж.Құламбаева Анна Данилинамен бірге Анна-Лена Фридзам – Юле Нимайермен шеберлік байқасты. Бірінші партияда германиялық жұп екі брейкпен басымдылық көрсетті – 6:2. Екінші сетте қазақстандықтар сәтті ойнады – 6:3. Дегенмен супер тай-брейкте жеңіс германиялықтардың еншісінде кетті – 10:6. Осылайша Қазақстан – Германия матчында қорытынды есеп 3:1 болып тіркелді. Енді қазақстандық теннисшілер әлемнің үздік 12 командасының қатарында өнер көрсетеді. Бұл кезеңнің матчтары 8-13 қараша аралығында өтеді.