Тарихи жетістік: Руслан Құрбанов әлем кубогінде күміс жүлдегер атанды

Қазақстандық Руслан Құрбанов әлем кубогында жүлдеге ілікті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Семсерлесу шеберлерінің бәсекесі Париж қаласындап өткен еді. Жерлесіміз іріктеу сындарында Венгрия және АҚШ спортшыларын айқын басымдықпен ұтты. Ал ең мықты қарсылас ширек финалда жолықты. Бұл сында мысырлық Мохаммад Эльсаедпен кездесіп, 1 ұпай айырмасымен жеңді. Қортынды есеп - 15:14. Жартылай финалда Руслан жергілікті Александр Барденеттені жеңсе, шешуші сында тағы бір француз Нельсон Лопез Портьеге есе жіберді. Осылайша жерлесіміз әлем кубогінің күміс жүлдегері атанып, әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсартты. Халықаралық семсерлесу федерациясының тізімінде ол қазір тоғызыншы тұр.

Айта кету керек, бұл спорт түрінен Қазақстан өкілі алғаш рет әлем кубогінің жеңіс тұғырына көтеріліп тұр.

БҮГІН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛАДЫ

Жарысты классиктер бастайды. Бүгін Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтеді. Жарыстың алғашқы күні бозкілемге грек-рим күрес шеберлері шығады. Бұл сында ел намысын 10 спортшы қорғайды. Әсіресе, жеңіл салмақтарда  Аманғали Бекболатов пен Ернұр Фидахметов, орта салмақтарда Мейрамбек Айнағұлов, Мейіржан Шермахамбет, Абылайхан Амзеев және Мақсат Ережеповтар бағын сынайды. Ал ауыр және аса ауыр салмақтарда Диас Қален, Нұрсұлтан Тұрсынов, Санжар Серікқан және Әлімхан Сыздықовтар жүлдеге қол созып көрмек. Классиктер бәсекесі екі күн өтеді. Одан кейін еркін күрес және әйелдер күресі бойынша медальдар сарапқа салынады. Азия чемпионатының жалпы қортындысы 24-ші сәуірде белгілі болады.

ТЕННИСШІЛЕРІМІЗ КӨРСЕТКІШІ ЖАҚСАРДЫ

Жерлестердің көрсеткіші жақсарды. Кәсіпқой теннишілер қауымдастығы мен әйелдер теннисі қауымдастығы әлемдік рейтингті жаңартты. Бұл тізімде қазақстандық Юлия Путинцева мен Зарина Дияс бір саты жоғарылады. Олар қазір сәйкесінше 51 және 112-ші тұр. Ал ұлттық құрама үздігі Елена Рыбакина 19-орында. Жұптық сында Анна Данилина  20-шы, Жібек Құламбаева 301-ші, ал, Гозаль Айнитдинова 498-орындарға тұрақтады.

Айта кетейік, жуырда ғана дәл осы қыздар Билли Джин Кинг кубогының финалына шықты. Әйелдер арасындағы әлемдік аламанның іріктеу сыны елордада өтті. Жергілікті құрама Германия командасынан басым түсті. Ал ерлер арасында қазақстандық Александр Бублик екінші апта қатарынан рейтингте жоғарылап келеді. Қазір ол 3 саты көтеріліп, 33-орынға жайғасты. Жұптық сында Андрей Голубев 26-шы, Александр Недовесов 62-ші. Қаған жігіттер алдыңғы жүздікке кірген жоқ.