Василий Жиров: Америкаға қаншама қазақ боксшысына жол аштым

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған әрі үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогына қол жеткізген отандасымыз Василий Жиров «Қазақ спортына» сұхбат берген.

Бүгінгі таңда АҚШ-тың Аризона штатында тұратын 48 жастағы боксшы Қазақстанға оралу туралы сауалға жауап берген:

– Қазақстанға келгенімде елге пайдам тие ме деп сұрадым. Бірақ біздің ұсыныс оларды қанағаттандырған жоқ. Сосын жай ғана кетіп қалдым. Өзімді отан алдында қарыздармын деп есептемеймін. Ондай сезім жоқ. Көп адамдар тек армандап, елесететін жетістіктерге қол жеткіздім. Қазақстан тарихында алғаш болып Олимпиада чемпионы атандым. Әлем кубогын Қазақстанға бірінші болып әкелдім. Қазақстан тарихында кәсіпқой бокстан тұңғыш әлем чемпионы атану бақыты да бұйырды. Сөйтіп Америкаға қаншама қазақ боксшысына жол аштым.

Жиров туған жерімен байланысын үзбегенін де айтты. Жерлестерімен хат-хабар алмасып та тұрады екен.

– Балқаштан көп адамдар жазады. Оларға жауап бергеніме қуанамын. Жалпы, жер бетіне келген әр адамның өз жолы, өз міндеті бар. Соны орындау үшін осында жүрміз, – деді ол.