«Астана» велошабандозы Альпі турының төртінші кезеңінде топ жарды

«Астана» шабандозы топ жарды. Италияның таулы-қыратты аумағында велокөпкүндік жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Альпі турының» кезекті, яғни төртінші кезеңінде спортшылар 143 шақырымды бағындырды. Бұл сында қазақстандық клуб сапындағы Мигель Анхель Лопес мәреге бірінші болып жетті. Ол аталаған аралықты 3 сағат 29 минут 4 секундта жүріп өтті. Үздік үштікті қос франциялық спортшы түйіндеді. Ал «Астананың» қалған мүшелері, атап айтқанда Джо Домбровски 15-ші, Вадим Пронский 37-ші, ал Юрий Натаров 87-ші сатылардан табылды. Жалпы есепте кезең жеңімпазы атанған Мигель Анхель Лопес 33-орынға көтерілді. Ал Джо Домбровски 12-ші тұр. Алда тағы бір кезең бар. «Альпі туры» 23 сәуірге дейін жалғасады.

Мигель Анхель Лопес, «Астана» клубының шабандозы:

- Көптен күткен жеңіс деуге болады. Қарсыластар шетінен мықты. Сондықтан бәсекелестік жоғары болды. Соған қарамастан мәреге бірінші жеттім және осы арқылы командама мотивация бердім. «Астана» сапына қайта оралғаныма қуаныштымын және алдағы уақытта осындай жетістіктермен жанкүйерлерді қуанта бергім келеді.