Әлем чемпиондарымен танымал Бесағаш ауылының балалары акт залында жаттығып жүр

Бесағаш ауылының балалары спорт залда емес акт залында жаттығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені талай спорт шеберлерін дайындаған төрт мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенде оқушылар үшін тек осы акт залы ғана бар. Ал бес жыл бұрын құрылысы басталады деген спорт кешені әні-мінімен әлі салынбай келеді.

Бесағаш – анау-мынау емес, талай Қазақстан, Еуропа, Азия, әлем чемпиондары шыққан атақты ауыл. Бұл елді мекенде 26 спорт шебері және 9 халықаралық дәрежедегі спорт шебері дайындалған. Осыншама балуандар туып, кіл мықтылар тәрбиеленген ауыл қазір бір спортзалға зәру.

Руслан Мұхамедқалиев, қазақ күресінен Жамбыл облысының аға жаттықтырушысы:

- Бес жылдан бері спорт зал соғылады деген сыбыс шығады. Одан кейін соғылмай кетіп жатыр. Бес жылдан бері әкімге дейін барамыз. Аудан әкімі, облыс, республикаға да шықтық. Осы жерге Қазақ күресі ассоциациясының республикалық келіп осы жерге шақырғанбыз. Қалай жоқ? Биыл қолға аламыз ол кісілер де айтып кетті. Білмеймін. Соғылады. Биыл дейді. Былтыр соғылатын болған.

Қазір ауылда 100-ден астам жасөспірімдер акт залында күрестің бірнеше түрі бойынша жаттығады. Көрермендер отыратын орындықтарды жинап белдесетін кілем төсеп алған. Оның өзі көлемі стандартқа сай келмейді. Жамап-жасқап амалдап отыр. Жуынатын бөлме, жаттығу құралдары, заманауи кілем деген атымен жоқ. Жаттығатын ескі-құсқы санаулы заттар сахнада тұр. Оның өзі қолдан жасалған.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне, балалардың жаттығатын жері – сахнаның үсті. Ал жуынатын жер жалғыз мынау қол жуғыш. Ал мына жерде балалар киім ауыстырады екен. Бұл мектептің кәдімгі кішігірім шығармашылық қоймасы. Әне шырша тұр. Міне мынау шаңырақ тұр.

Ал мектепте іс-шара бола қалса, акт зал жабылады. Жаттығу тоқтайды. Жеткіншектер қалаға тентірейді.

Береке Рахматуллаұлы, спортшы:

- Қаншама жарысқа барып жатырмыз, мұндай жағдайда жаттығатын жер жоқ. Қазір бүкіл жерде жағдай жасалған. Біз ана жерде тұрып киінеміз. Басқа жер жоқ. Аптасына бір-екі рет қалаға барып келеміз, сол жаққа барып, суға түсіп келеміз.

Анықталғандай, о баста бұл ауылға спорт кешенін салу мүлдем жоспарланбаған болып шықты. Оны жергілікті әкімдік бұл ауылдық округта спорт мектебі салынғандығымен түсіндірді. Алайда жақында жаңа шешім қабылданған.

Нұрлан несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

- Былтырғы жылы Жалпақтөбе елді мекеніне ФОК салу мәселесі қойылған. Ол жерде жоспар бар. Бірақ ол елді мекенде ФОК соғатын жер мәселесі бойынша мемлекеттік акт табылмай қалған соң біз сол жоспарды Бесағашқа ауыстырдық.

Аудан әкімі орынбасараның мәліметінше, қазір жобалық-сметалық құжаттамасы дайын көрінеді. Сараптама жасалған. Енді Бесағашқа жаңа денешынықтыру және сауықтыру кешені салынуы мүмкін. Бірақ қаражат бөлінген жағдайда ғана. Құрылыс жұмыстарына 470 миллион теңге республикалық бюджетке өтінім берілген.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә