Елордада «Оразадағы 99 шақырым» велошеруі өтеді

Рамазан айының соңғы 30 және Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде «Оразадағы 99 шақырым» велошеруі өтеді.

Веломарафон Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы айналма тас жолды толық жүріп өту арқылы орындалады. Қашықтығы – 99 шақырым. Велошеру соло (solo) тәсілінде, яғни бір ғана адам қатысады. Қатысушы – әуесқой велошабандоз, ағылшын тілінің оқытушы-аудармашысы, «Хабар 24» арнасында шетелдік шолушы, «Толық адам және 4 даму жобасының» авторы. Веломарафон кезінде арнайы жейде, жалаулар, баннер қолданылады.

Велошеру Әзірет Сұлтан мешітінің алдынан бастау алады. Нақты мекенжайы: Тәуелсіздік даңғылы, 48. Бұл бастамаға «Ислам – бірлік пен ынтымақ діні» жылы аясында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы қолдау көрсетіп отыр.

Велошеру нәтижесі – қашықтығы, уақыты және басқа мәліметтер Relive, Strava, Samsung Health ұялы қосымша бағдарламалары арқылы тіркеледі. Жол бағдарын Strava бағдарламасынан онлайн бақылап отыру және YouTube-тегі Ernat Melsuly арнасы арқылы тікелей эфир (streaming) жасау мүмкіндігі қарастырылған.

Маңызды уақыттар:

11:00

Қатысушы жаттығу жасап, денесін қыздырады;

City медицина орталығының дәрігерлері қатысушының денсаулық жағдайын тексереді;

Ақпарат құралдарына интервью беру, видеоға, фотоға түсу.

Қазақстан рекордтар кітабының («Қазақстандық ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалық») Нұр-Сұлтандағы ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов сәттілік тілейді;

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бата береді.

12:00 – Сөре.

Велошеру бағдары:

Сөре Әзірет Сұлтан мешітінің алдында басталады;

Рақымжан Қошқарбаев даңғылының бойымен жалғасады;

Абылай хан даңғылына оң жаққа түседі;

«Астана-Қарағанды» тас жолымен жалғасады;

Оңға, әуежай жаққа айналма тас жолға түседі;

Айналма жолмен астананы айналып шығады;

Оң жаққа «Астана-Қарағанды» тас жолына түседі;

Абылай хан даңғылымен жалғасады;

Сол жаққа Рақымжан Қошқарбаев даңғылына түседі;

Мәре Әзірет Сұлтан мешітінің алдында түйінделеді.

Мәре:

Мәренің болжалды уақыты ауызашарға, яғни сағат 20:38-ге дейін. Ұзақтығы 8 сағатқа созылуы мүмкін. Мәре жасалатын уақытты үйлестіруші Жандос Мақсұтұлына хабарласу арқылы нақтылап білу қажет. 

Бәрі ойдағыдай өтсе, ас-су ішпей-жемей өткізілген веломарафон ретінде Қазақстанның алғашқы рекорды болып тіркеледі. Рекордты Қазақстан рекордтар кітабының Нұр-Сұлтандағы ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов тіркейді және Қазақстанның алғашқы рекорды сәтті орнағанына орай арнайы Куәлік тапсырады.

Бастамашы-қатысушының жетістіктері туралы ақпарат:

1) «Астана – Ақтоғай» велошеруі. 2018 жылдың 4-7 қыркүйек аралығы. Астананың 20 жылдығына және туған жері Ақтоғай ауданының 90 жылдығына арналды. Қашықтық 500 шақырымды құрады;

2) «Қарағанды – Жаңаарқа» велошеруі. 2019 жылдың 10-11 қыркүйек аралығы.  Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына және Жаңаарқа ауданының 90 жылдығына арналды. Қашықтық 208 шақырымды құрды;

3) «Нұр-Сұлтан – Жидебай» велошеруі. 2020 жылдың 2-10 қыркүйек аралығы. Абайдың 175 жылдығына арналды. Қашықтық 1088 шақырымды құрады;

4) «Нұр-Сұлтан – Қостанай» велошеруі. 2021 жылдың 23-28 тамыз аралығы.  Ыбырай Алтынсарыұлының 180 жылдығына, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының 100 жылдығына және Ыбырай музейінің 30 жылдығына арналды. Қашықтық 750 шақырымды құрады;

5) «100 жылдыққа 100 шақырым» велошеруі. 2021 жылдың 24 қазаны. Қазақ радиосының 100 жылдығына арналды;

6) «150 жылдыққа 150 шақырым» велошеруі. 2022 жылдың 10 ақпаны. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды. Тұңғыш қысқы веломарафон ретінде Қазақстан рекорды орнатылды.

Белесебет туралы ақпарат:

Кәсіби емес, негізінен қала ішінде жүруге арналған қарапайым, орташа деңгейдегі велосипед. Қытайда жасалған. Маркасы Maverick деп аталады. Осыдан 7 жыл бұрын, 2015 жылдың жазында елордадағы Орталық базардан 48 мың теңгеге сатып алынған.