Өскеменде үстел теннисіне арналған ең үлкен спорт орталығы ашылды

Өскеменде жалпы аумағы 9 мың шаршы метр болатын 4 қабатты үстел теннисі орталығы қолданысқа берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спорт нысанында халықаралық дәрежедегі тіпті әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Көпсалалы ғимаратты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов ашты. Енді спорт мектебінің оқушылары заманауи кешенде машықтанатын болады.  

Бұл - еліміздегі үстел теннисіне арналған ең үлкен спорт кешені. Онда бір мезетте жүзден аса бала жаттығып, шеберліктерін шыңдай алады. Сонымен қатар жаттығу залдары мен оңалту орталығы да қарастырылған. 

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Осының ішінде өте тамаша медикалық орталық бар. Одан кейін тағы бірсыпыра тамаша құрал жабдықтары бар. Мен сеніп отырмын, алдағы уақытта осы жерден әлем және Азия чемпионы болады.

Кешен үстел теннисі спортын дамыту мақсатында атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесі. Оны федерация басшылығы да жоғары бағалап отыр.

Данияр Әбілғазин, ҚР үстел теннисі федерациясының президенті:

- Ең бастысы балаларға тамаша жағдай жасалған. Керек жарақтың бәрі бар. Жасөспірімдер мен жеткіншектер еш алаңсыз үстел теннисімен шұғылдана алады.

Спорт ардагері Владимир Пешковтың үстел теннисін жанына серік еткеніне 40 жылдан асты. Көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы жастарға жасалған жағдай саланың дамуына тың серпін береді дейді. 

Владимир Пешков, спорт ардагері:

- Үстел теннисінің дамуына зор ықпал етеді. Орталыққа облыстағы мектеп интернаттарынан жасөспірімдерді алдырып жаттықтыру қажет. Сонда жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Жаңадан ашылған орталық спорт қалашығында бой көтерген. Жанында бессейн, жеңіл атлетика мен күрес кешені және спорт интернаты бар. Шалғай аудандардан келген жасөспірімдер сол мекемеде тұрып жаттығады.

Шыңғыс Қалиден, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин