Футболдан ел біріншілігінде Тараз командасы көш бастады

Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі тоғызыншы туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған турды Түркістанда «Мақтарал» мен «Тараз» кездесуі түйіндеді.

Турнир кестесінде көш соңында келе жатқан түркістандық клуб бұл жолы да қарсыласының ығына жығылды.

Бірінші кезеңде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Алғашқы кезең аяқталар тұста төреші «Тараз» қақпасына пенальти белгілеген еді. VAR жүйесіндегі видеоқайталаудан кейін төреші аталған шешімнен бас тартты.

Екінші кезеңде тараздық футболшылар шабуыл шебінде көбірек бой көрсетті. Нәтижесінде 77-минутта Мақсат Әмірханов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Осылайша «Тараз» сырт алаңда «Мақтааралды» 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Бесінші жеңісіне қол жеткізген тараздық команда 17 ұпаймен турнир кестесінде көш басына шықты. Ал «Мақтаарал» алтыншы мәрте жеңіліп, көш соңында қалып қойды.

Еске салсақ, бүгін 2 мамырда «Ақтөбе» «Ақжайықты» 2:1, «Шахтер» «Тобылды» 4:1, «Ақсу» «Каспийді» 2:0 есебімен ұтты. Сондай-ақ «Қайрат» пен «Қызылжар» 1:1 есебімен тең тарқасты. Сондай-ақ кеше 1 мамырда «Атырау» «Ордабасын» ұтса, «Астана» «Тұранмен» тең ойнады.

Сондай-ақ...