Сурдлимпиада ойындарында дзюдошы Әділбек Нұрмұхамед күміс иеленді

Қоржында 4 медаль. Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында Сурдлимпиада ойындары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы бәсекеде дзюдошыларымыз жүлдеге ілікті. Әсіресе, 60 келіге дейінгілер арасында Әділбек Нұрмұхамед финалға дейін жетіп, соңғы сында ғана есе жіберді. Соның арқасында ұлттық құрама қоржынына алғашқы күміс түсті. Артынша орта салмақтағы Шаяхмет Қанапиянов қола жүлдеге қол созды. Жігіттердің жеңіс жолын қыздар жалғады. 48 келіде Фериде Қараоглы мен 52 келідегі Дина Иржанова үздік үштікті түйіндесе, Эвелина Егембердиева жарысты бесінші орынмен аяқтады. Айта кетейік, дүниежүзілік додаға 65 спортшымыз аттанды. Олар 9 спорт түрі бойынша бақтарын сынайды. Жарыстың жалпы қорытындысы 15 мамырда белгілі болады.

Дина Иржанова, Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері:

Бұл жарысқа ұзақ әрі тыңғылықұты дайындалдым. Соның арқасында қола медальға қол жеткіздім. Жалпы жүлдегерлер қатарынан табылғаныма өте қуаншытымын. Осы тұрғыда бапкерлеріме ерекше алғыс айтқым келеді.

НҰР-СҰЛТАНДА ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Ел үздіктері елордаға жиналды. Мұнда алғаш рет көркем гимнастикадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсеке былтыр ғана спорттық орталық қолданысына берілген Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылды. Оған  барлық аймақтан 500-ден аса қатысушы жиналды. Жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ішкі біріншілік 9 күнге созылады. Жарыстың алғашқы күні ересектер арасындағы іріктеу сындары болды. Чемпионат нәтижесінде ұлттық құрама жасақталып, алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты басайды. Оның ішінде биылғы Азия чемпионаты, Азия ойындары және дүниежүзілік дода бар.

НҰР-СҰЛТАНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТІП ЖАТЫР

Жақсылық Үшкемпіровты еске алуға арналған турнир жас палуандардың шеберлік шыңдауына және болашақ чемпиондардың даярлығы үшін қажет. Сондықтан, оны жыл сайын тұрақты ұйымдастырып, тіпті, ауқымын одан сайын кеңейту маңызды. Бұл жөнінде Азия біріккен күрес әлемінің президенті Дәулет Тұрлыханов мәлімдеді. Елордада даңқты палуан әрі олимпиада чемпионы атындағы халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Биылғы бәсекеге Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның 150-ден аса палуаны қатысып жатыр. Жарыстың алғашқы күндері 5 салмақтағы чемпиондар анықталды. Атап айтқанда, жеңіл салмақта қазақстандық Ербол Қамалиев, ал, орта салмақтарда тағы бір қазақстандық Омар Сатаев пен қырғызстандық Раззақ Бейшекеевтер топ жарды. Ауыр салмақтарда ұлттық құрама сапындағы Әзімхан Абдалиев және Юсуф Матсиев жеңімпиаз атанды. Қалған 5 салмақтың үздіктері бүгін белгілі болады.

Қолжетімді спорт. Дәл осындай атаумен елімізде арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында қала тұрғындары мен қонақтары тегін негіздегі жаттығуға қатыса алады. Шараның ресми ашылу салтанаты елордада өтті. Енді бұдан былай 7 қалада, оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей, Петропавл, Ақтау және Талдықорғанда каратэ, жүгіру, фитнес және үстел теннисі бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, скандинавиялық жүріс те жобаға қосылды. Оны жүзеге асыруға 120-дан аса маман жұмылдырылды. Ал қатысам деушілердің жасына шектеу жоқ.

Айта кетейік, бұл жоба алдымен астанамызда пилоттық негізде жүзеге асырылып, өз тиімділігін дәлелдеді. Жаттығулар жаз айларында парктерде, ал қыста спорттық кешендерде өтті.

Сондай-ақ...