Сурдолимпиада: қазақстандық спортшылар олжасыз емес

Жазғы Сурдолимпиаданы үстел теннисшілері 3-орынмен қорытындылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан құрамасы Бразилия, Үндістан, Польша өкілдерін жеңіп, жартылай финалда Тайпей командасынан жеңілді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің телеграм каналынан мәлім болды. Данияр Искендиров, Қанат Конкубаев, Владимир Нестеров, Абылай Бүркітбай құрамында сынға түскен Қазақстан командасы Сурдлимпиада ойындарын үшінші орынмен қорытындылады. Сонымен 1-орында –Украина, 2-орында – Тайпей, ал Қазақстан мен Жапония 3-орынға қол жеткізді. Дзюдодан командалық кездесулерде ерлер арасында ел намысын Айдос Түгелбаев, Шаяхмет Қанапиянов, Әділбек Нұрмұхамедов, Асхат Адамбаев, Ермек Жәнібекұлы, Сабыржан Хапизовтар қорғады.

«Ұлттық Сурдлимпиада комитеті жекелей сында 81 келіде жарысқа шығу керек болған Айдос Түгелбаевтың орнына бұған дейін іріктеу жарысына қатыспаған, сондай-ақ ұлттық штаттық команда сапында жоқ, алайда дені сау спортшылар арасында күресіп жүрген Еркебұлан Қанафинді қойған болатын. Дегенмен бүгін командалық бәсекеде бақ сынаған Айдос күні кеше дәл осы жарыста 90 келіде күміс жүлдегер атанған Иран спортшысы Аллахкарими Хоссейнді айқын басымдықпен жеңді. Айдостың шешуші кезеңдегі жеңісі командалық есепте спортшыларымызды үшінші орынға шығарды», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ таэквандодан спортшыларымыз Олжас Рысжанов пен Айжамол Абдикатова командалық есепте қола жүлдені иеленсе, Олжас жекелей сында тағы бір қола жүлдені қанжығасына байлады. Айта кетейік, Бразилияда жазғы Сурдлимпиада ойындары 2 мамырда басталған болатын.