«Каспий» қайтадан көш бастады

Футболдан Қазақстан чемпионатының оныншы турында Ақтаудың «Каспийі» «Ақтөбені» қабылдады.

Өткен турда ақтаулықтар сырт алаңда «Ақсудан» ұтылып қалса, ақтөбеліктер «Ақжайықты» жеңген еді. Оған қоса «Ақтөбе» Ақтауға жаңа бас бапкер Андрей Карповичпен келді.

Бірінші таймда алаң иелері көбірек шабуылдағанымен есеп ашылған жоқ. Екінші таймда қонақтар белсенді болғанмен, 71-минутта Йоахим Адукор екінші ескерту қағазын алып, алаңнан қуылды. Сол-ақ екен, 80-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін «Каспий» құрамындағы украиналық легионер Артем Барановский есеп ашты.

89-минутта алаңға тыңнан қосылған Еркебұлан Нұрғалиев есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша 19 ұпай жинаған «Каспий» турнир кестесінде қайтадан бірінші орынға шықты.

prosports.kz