«Қайрат» жанкүйерлері команда ойыншыларымен жанжалдасып қалды

ҚПЛ 10-турында «Атыраудан» ірі есеппен жеңілген соң «сары-қаралардың» жанкүйерлері «Қайрат» ойыншыларымен сөйлеспек болған, деп хабарлайды Prosports.kz.

Фанаттар ойыншылармен байсалды сөйлесе алмады, ашушаң жанкүйерлердің кейбірі ойыншыларға жетіп, олармен мәселені шешу үшін қоршаудан аттап өтуге тырысты. Оқиғаға полиция араласуына тура келді, олар футболшылар мен фанаттар төбелесіне жол бермеді.

Жанкүйерлердің айтуынша, мұндай әрекетке алматылық команданың қорғаушысы Виктор Васин түрткі болған, ол трибунадағы жанкүйерге дөрекі жауап берген. Еске салайық, ҚПЛ-ның 10-туры аясындағы «Қайрат» пен «Атырау» кездесуінде алаң иелері 0:3 есебімен жеңілген болатын. Алматылықтар кейінгі бес матчта жеңіске жете алмай келеді, осы аралықта екі-ақ ұпай жинаған.