Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Гимниазиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.
Өткен аптада 250-ге жуық оқушы Францияға аттанған болатын. Олар алғаш рет Дүниежүзілік гимназиадаға қатысып, әлемнің 70-ке жуық елінен келген құрдастарымен бақ сынасып жатыр.
Жарыстың алғашқы 3 күнінде оқушыларымыз 14 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 8 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар. Дзюдо, таеквондо және жүзу жарыстарына қатысушылар алтын, жеңіл атлеттер мен дзюдошылар күміс, сондай-ақ дзюдошылар мен таеквондошылар қола жүлдегер атанды.
«Барлық жеңімпазды лайықты жеңістерімен құттықтаймын! Әр медаль – еңбектің, табандылықтың, еңбекқорлық пен тәртіптің жемісі. Жақсы дайындық деңгейін көрсеткен мұғалімдеріңіз бен жаттықтырушыларыңызға, сондай-ақ қолдау көрсеткен ата-аналарыңызға алғыс айтамын.
Әуежайдан шығарып салғанда сіздердің ұмтылыстарыңызды, талпыныстарыңызды байқадым. Алдағы ойындарда жеңістер тілеймін және туған жерде сіздерді асыға күтіп, барлығы жанкүйер болып отырғанын ұмытпаңыздар», – деп жазды министр.