Бүгін әлемдегі ең танымал қақпашылардың бірі Икер Касильястың туған күні

20 мамыр күні әлемдегі ең үздік қақпашылардың бірі Икер Касильяс туған күнін атап өтті. Жұлдызды қақпашы 40 жасқа толды. Икердің құрметіне орай бұл күні Испанияда Қақпашы күні тойланады.

Икер мектеп мұғалімі мен үй шаруасындағы әйелдің отбасында дүниеге келген. Алты жасынан бастап әкесі оны таңсәріден оятып, Мадрид маңындағы Мостолес елді мекенінде орналасқан футбол мектебіне тасыды.  

Күндердің күнінде Икердің үйінің маңында «Реал Мадрид» ашық есік күнін ұйымдастырады. Мұндай сәтті мүлт жібермеген Икердің әкесі 8 жасар ұлын жетектеп бапкерлерге апарады. Мамандарға баланың ойыны ұнағанымен, оның тым кішкентай екенін айтып кері қайтарады. Есесіне келесі жылы ол клубтың жасөспірімдер командасына қабылданды.

Оның бағын ашқан жаттықтырушы – Висенте дель Боске. Тәртіпке салған да, күшін тиімді жұмсауды үйреткен де осы дель Боске. Соның арқасында ол кәмелетке толмай жатып-ақ U-15, U-16, U-21 жас аралығында әлем чемпионатын жеңіп алды.

* Касильяс алаңда тек шолақ жеңді жейде киеді. Мұнысын өзін осылай ыңғайлы әрі басты қаруы – қолын жақсырақ сезетіндігімен түсіндіреді.

* 19 жасында Икер Испания құрамасында алаңға шыққан ең жас ойыншы атанды.

* Испания құрамасы сапында ең көп матч өткізген ойыншы. Оның еншісінде 161 ойын бар.

* 2000 жылдың мамырында, 19 жасқа толуына бірер күн қалғанда Икер «Реал» сапында УЕФА Чемпиондар лигасында жеңіске жетіп, аталған турнирде жеңіске жеткен ең жас қақпашы атағына ие болды.

* Еуро 2012-де Касильяс қақпасына тек бір гол жіберіп, Испанияның Еуропа чемпионы атағын сақтап қалуына атсалысты. Финалда олар Италияны 4:0 есебімен жеңді.

* 2007 жылы Икер Касильяс режиссер Жакме Сераның толықметражды «Гол 2: Өмір арман тәрізді» фильмінде ойнады. Киноның түсіріліміне Леманн, Юнгберг, Фабрегас, Анри, Макманаман, Оуэн, Сальдадо, Робиньо, Роналдо, Зидан, Гути, Рауль, Бекхэм, Карлос, Рамос, Эльгера мен Арсен Венгер секілді жұлдыздар қатысқан.

* Касильяс – Франц Бекенбауэр мен Дидье Дешамнан кейін Чемпиондар лигасы, әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен үшінші капитан.

* Ол Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясының (IIHFS) нұсқасы бойынша қатарынан төрт рет әлемдегі үздік қақпашы атағын иеленді. Сол арқылы италиялық қақпашы Вальтер Дзенгидің рекордын жаңартты.

* Касильястың 2010 жылғы әлем чемпионатындағы өнеріне тамсанбаған жан жоқ. Сол жылы Испанияда жаңа туған нәрестелер арасында Икер деген ат танымал есімдердің қатарына енді.

* Ұлттық құрамалар арасында әлем чемпионаты мен екі Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен жалғыз капитан.

* 2015 жылы Мадридтің «Атлетикосына» қарсы ширек финалдағы матчта Икер Чемпиондар лигасындағы «құрғақ» ойындар бойынша рекорд орнатты (52).

* Икер Испания чемпионатында да «құрғақ» ойындар саны бойынша көш бастап тұр – 952 минут. Оған дейін бұл рекорд «Атлетиконың» бұрынғы қақпашысы Абель Ресиноға тиесілі болатын.

* 2012 жылы Касильястың туған қаласы Мостолесте жергілікті мэр Спорт даңғылын Икер Касильяс даңғылы етіп өзгерту туралы шешім қабылдады.

* Икер «Реал Мадрид» сапында 725 матч өткізді. Бұл клубтағы екінші көрсеткіш. Себебі «корольдік» клубта ең көп ойнаған Рауль – 741 матч.

* Касильяс «Реалмен» 19 трофей ұтып алды: 3 Чемпиондар лигасы, 2 Құрлықаралық кубок, 2 Еуропа Суперкубогы, 5 Испания чемпионаты, 2 Испания кубогы, 4 Испания Суперкубогы.

* 2015 жылы Касильяс Чемпиондар лигасында 150 матч өткізген екінші ойыншы атанды, оның алдында «Барселонаның» жартылай қорғаушысы Хави тұр.

* Касильяс бала кезінде әкесінің футбол ойындарына тігілген ставкаларын букмекерлік контораға апаруды ұмытып кеткен. 14 ойынға тігілген бәс нәтижесі бойынша оның отбасы 1 млн фунт ұтып алуы мүмкін еді.

* Есесіне қазір Икер 35 млн фунтпен қалталы спортшылар қатарында.

* Касильяс өзінің қолын 5 млн фунтқа сақтандырған. Сол кезде «Тізе жарақатын алсам да, қолым ауырды деп айтамын» деп әзілдеген болатын.

* Жасыл – Касильястың ең жақсы көретін түсі.

* Ойын кезінде доп бетіне тиген балаға Икер өз жейдесін сыйға тартқан.

* Касильяс Iker Casillas foundation деп аталатын коммерциялық емес ұйым құрып, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға өз жолын табуға көмектесуді қолға алды.

* Касильястың сөзіне қарағанда, өзі қатысқан матчтардың 98 проценті есінде. Таңғаларлық жағдай. Қалай дегенмен испаниялық қақпашы кәсіби деңгейде 800-ден астам ойынға қатысқан.

 Дайындаған – Мәдина Асылбек