Футбол: «Порту» Португалия кубогында жеңіске жетті

«Порту» клубы Португалия кубогының финалында «Тонделаны» 3:1 есебімен жеңді.

Ойын Португалия ұлттық құрамасының кездесулері өтетін «Эштадиу Насьонал» стадионында өтіп, 3:1 есебімен «Портудың» жеңісімен аяқталды. Жеңімпаздар сапынан Мехди Тареми дубль (22-минут – пенальтиден, 74-минут) авторы атанса, тағы бір голды Витор Феррейра (52) соқты. Ал «Тонделадан» Нето Борхес (73) бір голмен жауап қайтарды.

«Порту» өз тарихында Португалия кубогында 18-рет жеңіске жетіп, жалпы есеп саны бойынша «Бенфикадан» (26 жеңіс) кейінгі екінші орынға жайғасты. «Тондела» тарихта тұңғыш рет финалда өнер көрсетті.

7 мамырда «Порту» 88 ұпаймен 30-рет ел біріншілігінде топ жарған болатын.