466,44 484,00 8,88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Головкин мен Альварес тағы кездеседі

  • 153
  • UPD: 10:19, 24.05.2022
Головкин мен Альварес тағы кездеседі

Головкин мен Альварес үшінші рет кездеседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бокс жанкүйерлері асыға күтіп жүрген жекпе-жек биыл күзде өтеді. Бұл жөнінде мексикалық боксшының өзі мәлімдеді. «Алдағы күндері келесі жекпе-жек туралы хабарлаймыз. Ол әрине, Головкинге қарсы жекпе-жек. Өйткені біз бұған дейін онымен келісіп қойғанбыз деді Сауль Альварес.

Айта кетейік, қос мықты бұған дейін екі рет жолықты. Алғашқысы тең нәтижемен аяқталса, кейінгісінде Канело басым болды. Аталған кештер Лас-Вегас қаласында өткен еді. Сәйкесінше, алдағы айқас та сонда ұйымдастырылады деген жоспар бар. Ал кездесудің өзі 17 қыркүйекте өтеді деп күтіліп отыр. Головкин мен Альварес супер орта салмақта сынға түседі. Бұл санатта Альварес абсалютті чемпион саналады. Ал Головкин – орта салмақ бойынша IBF, IBO және WBA Super чемпиондық беліктерінің иегері. Бүгінге дейін қазақстандық боксшы 44 кездесуге қатысып, 42-інде жеңіске жетті. Ал Канелоның көрсеткіші 61 жекпе-жек, 57 жеңіс.

ҚАЗАҚСТАН ИТАЛИЯНЫ ҰТТЫ

Соңғы кездесу және алғашқы жеңіс. Финляндияның Хельсинки қаласында хоккейден әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні Қазақстан және Италия құрамалары жолықты. Есепті біздің жігіттер ашты. 12-ші минутта Кертис Волк мергендігімен көзге түскен. Италия хоккейшілері ә дегеннен таразы басын теңестіріп үлгерді. Артынша  Валерий Орехов пен Әлихан Әсетов та мүмкіндігін мүлт жібермей, таблодағы нәтижені 3:1-ге жеткізді. 

Матч соңына дейін тағы 3 шайба соғылды. Қорытынды есеп: 5:2. Осылайша Қазақстан құрамасы соңғы кездесуде ғана 3 ұпай алып, өз тобының 7-сатысына көтерілді. Ал есе жіберген Италия 8-ші тұр. Сәйкесінше, Италия алдағы жылы элиталы дивизионнан кетеді. Ал Юрий Михаилис баптайтын жігіттер қалады. «А» тобының бірінші сатысына қазір Швейцария орналасты. Үздік үштікте Германия мен Дания құрамалары бар. Хельсинки қаласындағы турнир 29 мамырға дейін жалғасады.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРҒАНДАР

Әлем чемпионатындағы нәтижеміз орташа. Алда Азия және Олимпиада ойындары бар. Осы аралықта қателіктерді түзеп, көрсеткішті жақсарта түсу керек. Дүниежүзілік додадан оралған бұрымды боксшылар осындай пікір білдірді. Оларды елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды.

Айта кетейік, биылғы байрақты бәсеке Түркияның Стамбұл қаласында өтті. Оған 73 елден 300-ден аса қатысушы жиналды. Араларынан ұлттық құрама мүшелері 1 күміс пен 4 қола жеңіп алды. Атап айтқанда, 48 келдегі Алуа Балқыбекова финалға дейін жетіп, соңғы сында жергілікті боксшыға есе жіберді. Ал Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова, Валентина Хальзова және Дина Жоламандар жартылай финалда ұтылып, қола жүлдегер атанды. Осының арқасында қазақстандық қыздар жапыкомандалық есепте 6-орынға тұрақтады.

Валентина Хальзова, әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- Дайындық жұмыстары өте жақсы өтті. Соның арқасында ғана жүлдеге іліктік. Осы тұрғыда бапкерлердің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Алда бұдан да маңызды жарыстар бар. Әрине, әр спортшы олимпиада алтынын армандайды. Құдай қаласа, біз де сол жетістікке жетеміз деп үміттенемін.

Хабар 24 телеарнасы