Ресми: Головкин мен Альварес үшінші жекпе-жек өткізу туралы келісті

Бұл қазақстандық пен мексикалық арасындағы үшінші жекпе-жек болмақ.

Орта салмақта әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы үшінші жекпе-жегін ресми түрде жариялады. Бұл туралы ол Instagram-да хабарлады.

«Ресми! 17 қыркүйекте кездесеміз деп үміттенемін!», – деп жазды Головкин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, бұл қазақстандық пен мексикалық арасындағы үшінші жекпе-жек болмақ. 2017 жылдың қыркүйегінде өткен бірінші жекпе-жекте боксшылар тең нәтиже көрсетті. Араға бір жыл салып, яғни 2018 жылдың қыркүйегінде өткен айқаста «Канело» жеңіске жетті.