Нұр-Сұлтанда Worldskills чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

Байқау қаладағы 13 бірдей алаңда өтті. Биыл бұл жарысқа 45 құзыреттілік бойынша 246 студент қатысқан еді. Арасында болашақ аспаздар, наубайханашылар, құрылысшылар, дизайнерлер, тіпті, шаштараздар бар. Олар техникалық және кәсіптік білім беру орындарында оқиды. Жарыс тартысты өтті. Жеңімпаздар ұлттық чемпионатқа жолдама алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасымхан Сенғазиев, қалалық Білім басқармасының басшысы:

Нарықтағы жұмыс берушілердің жұмысшыларға деген талаптары өте жоғары. Неге десеңіздер, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Сондықтан біздің колледжде оқып жатқан студенттеріміз сол жаңа технологиялардың барлығын меңгеріп, өздері оқып шығу керек.

Үміткерлер қатаң іріктеуден өтті. Олардың жұмысын кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мен кәсіпорын қызметкерлері бағалады. Өндіріс орындарына мұндай мамандар ауадай қажет. Сондықтан олар әлгіндей жарыстардың жиі өтуіне мүдделі.

Нұрай Жұмашева, Worldskills чемпионатына қатысушы:

Менің қазір оқып жатқан мамандығым – архитектор-дизайнер. Бұл жарыстан көп нәрсе күтемін. Республикамен ғана тоқтамай, әрі қарай шетелге де шыққам келеді. Маған бұл жарыс көп нәрсе береді. Алдым ашық болады. Жұмысқа тұруым оңай болады.

Осындай жарыстарда топ жарған түлектердің барлығы дерлік қазір ірі кәсіпорындарда қызмет істеп жатыр. Ұлттық чемпионат енді күзде өтеді. Ол жерде қара үзіп шыққандар халықаралық сында бақ сынайды.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ерзат Зайытхан

Сондай-ақ...