«Реал Мадрид» Чемпиондар лигасында топ жарды

Футбол жанкүйерлері тағатсыздана күткен финалдық матч бүгін түнде Франциядағы «Стад де Франс» стадионында өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Испаниялық «Реал Мадрид» англиялық Ливерпульмен жолықты. Кездесу 1:0 есебімен аяқталды. Жалғыз голды 59-минутта Реал сапындағы Винисиус Жуниор соқты. Ливерпуль ойыншылары қарымта шабуылды күшейтіп, таразы басын теңестіруге тырысқанымен, есеп өзгермеді. Осылайша «Реал Мадрид» 14-рет чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.

Айта кетейік, «Реал» мен «Ливерпуль» осы доданың финалында 3-мәрте кезесіп тұр. 1981 жылы ағылшын клубы жеңіске жетсе, 2018 жылы испаниялық команда басым болды.

Карло Анчелотти, «Реал Мадрид» клубының бас бапкері:

- Чемпион атану оңай болған жоқ. Ең қиын маусым десем, қателеспеймін. Сөздің шыны керек, ешкім бізді топ жарады деп ойламады. Мүмкін дәл осы нәрсе жігіттерге мотивация беріп, жеңіске жетелей түскен шығар. Командамызда жайлы жағдай қалыптастыруға тырыстық. Әр ойыншы өзін көрсетуге, дәлелдеуге мүмкіндік алды. Сондықтан лайықты түрде бас жүлдені иемдендік.

Карло Анчелотти де бапкерлер арасында рекорд жаңартты. Ол еуропа чемпионатын 4 рет ұтқан алғашқы маман атанды. Бұған дейін «Милан» командасымен екі мәрте және «Реалмен» бір рет осындай жетістікке жеткен еді. Соның арқасында Роберт Пейсли, Зинедин Зидан сияқты бапкерлердің алдын орады.

Карло Анчелотти, «Реал Мадрид» клубының бас бапкері:

- «Реалға» қайта оралғаныма қуаныштымын. Ол мені керемет жетістікке жетеледі. Бірақ қазір менің титулдарым емес, «Реал» ойыншылары өз бапкерлерін бағытты қылғаны аса маңызды.