Ислам Усейнов нысана көздеуден әлем кубогының жүлдегері атанды

Ислам Усейнов нысана көздеуден әлем кубогының жүлдегері атанды

Қоржында қола медаль. Әзербайжан астанасы Баку қаласында сұрмергендер сайысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлем кубогінің алғашқы күні пневматикалық винтовкадан нысана көздеу бәсекесі болды және бұл сында ел намысын Ислам Усейнов қорғаған. Ол өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланып, жалпы есепте үздік үштікті түйіндеді. Олимпиадалық даярлау орталығының шәкірті алдағы күндері басқа бағыттарда да бағын сынап, көрсеткішін еселеуі мүмкін. Әлем кубогі 8 маусымға дейін жалғасады. Нәтижесінде, ерекше көзге түскендерге рейтингілік ұпай беріліп, олимпиада лицензиясына жол ашылады. Айта кетейік, Бакудегі бәсекеге 65 елден 800-ден аса спортшы қатысып жатыр. Қазақстан атынан 20 спортшы өнер көрсетеді.

ПАРАДЗЮДО ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ТУРНИРІ

Әлем мықтылары елордада бас қосты. Бұнда алғаш рет парадзюдодан гран-при турнирі өтті. Оған 22 елден 200-ден аса қатысушы жиналды және жапон жекпегінің 2 бағыты бойынша, яғни, көзі нашар көретіндер мен көзі мүлде көрмейтіндер санатында өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде ұлттық құрама 6 медаль ұтып алды. Әсіресе Ақмарал Науатбек барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды. Ал Ерғали Шәмей мен Олжас Оразалы күміс жүлдеге қос созды. Бұған қоса, ұлттық құрама сапындағы Даяна Федосова, Жанбота Аманжол және Бауыржан Арыстанбековтар өз салмақ дәрежелерінде үздік үштікті түйіндеді. Соның арқасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 4-орынға тұрақтады. Топ басында Бразилия спортшылары. Одан кейінгі сатыларға Түркия мен Иран  жайғасты.