Қазақстандық кадеттер Австриядағы таэквондо турнирінде 7 алтын жеңіп алды

Қоржында 28 медаль. Австрияның Инсбрук қаласында таэквондодан халықаралық турнир өтті. Жарыс нәтижесінде қазақстандық кадеттер 7 алтын жеңіп алды. Бұған қоса 8 күміс пен 5 қола бар. Соның арқасында жалпыкомандалық есепте бірінші сатыға жайғасты. Сонымен қатар қазақстандық жасөспірімдер 2 алтын, 1 күміс және 5 қола еншілеп, өз санаттарында үздік үштіктен табылды.

Атап айтқанда, Рита Бақышова мен Жасуру Исраилова жеңіл және орта салмақтарда қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанса, 63 келідегі Әділет Базарбаев финалда ғана есе жіберді. Бұған қоса Нарғыз Қойшыбекова, Елжан Елшібай, Сапарғали Әбдірашев, Рақым Әділханов және Руслан Жапаровтар қола үшін таласта айқын басымдықпен ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді. 

Сенсацияға толы теннис турнирі

Сенсацияға толы турнир. Францияда теннистен жылдың басты бәсекесі Ролан Гаррос турнирі жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні күтпеген нәтижелер тіркелді. Мәселен, әлемдік рейтингте екінші тұрған ресейлік Даниил Медведев 23 сатыдағы хорватиялық Марин Чиличке есе іжберді. Қорытынды есеп: 6:2, 6:3, 6:2. Тағы бір әлем үздігі рейтингте төртінші тұрған Стефанос Циципас 19 жастағы Хольгер Рунеден жеңілді. Матч 3 сағатқа созылды. Жеңіске жеткен даниялық теннисші енді ширек финалда норвегиялық Каспер Руудпен жолығады. Ал қазақстандық спортшылар алғашқы айналымдардан аса алмады. Нәтиженсінде әлемдік рейтингтегі жағдайлары нашарлайды. Бірақ соған қарамастан жерлестер қомақты сыйақы алады. Оның жалпы көлемі 422 мың еуроны құрайды. Айта кетейік, Ролан Гаррос турнирінің жүлде қоры биыл 43 миллион еуро және бұл өзіндік рекорд болып есептеледі. Жарыстың жалпы қортындысы 5 маусымда белгілі болады.