Қазақстандық теннисші қыздар әлемдік рейтингте тұңғыш рет алғашқы ондыққа енді

Ұлттық құрама алдыңғы ондықта, деп хабарлайды «Хабар 24». Әйелдер арасындағы командалық Билли Джин Кинг кубогінің ойындары сарапталып, жаңартылған әлемдік рейтинг жарияланды.

Бұл тізімде қазақстандық қыздар 704 ұпаймен тоғызыншы тұр. Айта кету керек, бұл – отандық теннис тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Бұған дейін тәуір деген нәтиже 16-саты болды. Жаңа рейтингте жерлестеріміз Ресей, Германия, Италия, Румыния, Бельгия және Польша сияқты құрамалардың да алдына шыққан.

Айта кетейік, бір ай бұрын ел намысын қорғайтын спортшылар Билли Джин Кинг кубогінің финалына шықты. Іріктеу сыны елордада өтті. Оның аясында Зарина Дияс, Юлия Путинцева, Елена Рыбакина бастаған бұрымдылар Германия командасынан басым түсті. Қорытынды есеп: 3:1. Әлемдік рейтингтің көш басында Аргентина тұр. Үздік үштікті Франция мен Испания түйіндеді және екеуінің ұпай көрсеткіші шамалас.

ӘЛЕМ КУБОГІНДЕ ЖҮЛДЕГЕ ІЛІКТІ

Қоржында кезекті қола. Әзербайжан астанасы Баку қаласында сұрмергендердің әлемдік аламаны өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні стенд атудан аралас бәсекелер болды және бұл сында ел намысын Мария Дмитриенко мен Виктор Хасянов жұбы қорғаған. Олар финалда барлық мүмкіндігін сәтті пайдаланып, жалпы есепте үздік үштікті түйіндеді. Осылайша ұлттық құрама спортшылары екінші қоланы еншілеп отыр. Бұған дейін қазақстандық Ислам Усейнов те пневматикалық винтовка бағытында топ жарған болатын. Отандық спорттық ату федерациясының шәкірттері көрсеткішін одан сайын жақсарта алады. Әлем кубогі 8 маусымға дейін жалғасады. Нәтижесінде ерекше көзге түскендерге рейтингілік ұпай беріліп, олимпиада лицензиясына жол ашылады.

Айта кетейік, Бакудегі бәсекеге 65 елден 800-ден аса спортшы қатысып жатыр.

ӘЛЕМ МЫҚТЫЛАРЫ АЛМАТЫДА БАС ҚОСТЫ

Бүгін онда күрес түрлерінен рейтингілік турнир өтеді. Болат Тұрлыханов кубогіне арналған жарысқа 15 елден 300-ге жуық спортшы жиналды. Араларында әлем чемпионаты мен олимпиада ойындарының жүлдегерлері де бар. Байрақты бәсеке 6 маусымға дейін жалғасады.