Қазақстан-Әзірбайжан матчына дайындық жүріп жатыр

10 күнде 4 матч. Қазақстан құрамасы Ұлттар Лигасындағы жарыс жолын бастайды. Магомед Адиев баптайтын жігіттер бүгін елордада Әзірбайжан құрамасымен жолығады. Одан кейін Словакия және Беларуспен кездесу күтіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты ойыншылардың әлеуетін жан-жақты сараптап, әр матчта тәуір нәтиже көрсетерден жоспар құру керек дейді бас бапкер. Айтулы матчтар алдында құрамаға 27 ойыншы шақыртылып, қазір соңғы дайындықты пысқытап жатыр. Өкіншке қарай олардың арасында Бахтиер Зайнуднинов, Айбар Жақсылықов, Марат Быстров сияқты негізгі футболшылар жоқ. Соған қарамастан, жеңісті қолдан бермеуге тырысамыз дейді ресейлік маман. Әсіресе, өз алаңымызда өтетін матчтарда ұпай алып қалуды көздейді.

Магомед Адиев,  Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Командадағы жігітердің бабы жақсы. Мен оларға сенемін. Әрине, Зайнуднинов сияқты футболшылардың болғаны жақсы еді. Бірақ қалған ойыншылар да осал емес. Олар алдағы матчтарда жақсы жағынан көрсетіп, қазақстандық жанкүйерлерді қуантады деп ойлаймын. Әр кездесуге қатысты арнайы жоспар бар. Көбіне қорғанысқа ден қойып, 90 минут бойы тұрақты ойын көрсетуге тырысамыз.

НҰР-СҰЛТАНДА САДАҚ АТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ 

Ұлттық спорттарға ерекше көңіл бөліне бастады. Мәселен елордада дәстүрлі садақ ату орталығы ашылды. Қала іргесіндегі арнайы база балалардың  шеберлігін шыңдауға да, кәсіпқой спортшылардың  дайындығын пысқтауға да аса қолайлы. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында жүзге жуық өрен садақ ату секцияларына қатысады. Ал, еліміз бойынша тұрақты шұғылданатындар саны мыңға жуықтайды. Сондықтан  арнайы спорттық кешендер, әсіресе, осындай ашық аспан астындағы алаңдарды арттыру керек дейді басы-қасындағылар. Бұған қоса, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының мамандары мектептер мен аулаларды аралап, әртүрлі форматтағы шеберлік сағаттарын өткізіп жүр. Соның арқасында садақ ату спортына қызығушылық артып, бұқаралық тұрғыда жақсы дамып келеді. Соған сәйкес аймақтық және республикалық деңгейде өтетін жарыстар саны да көбейген.

АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНА ІРІКТЕУ   ӨТІП ЖАТЫР

Азия чемпионтына жолдама алдық. Алматыда үстел теннисінен құрлықтық додаға іріктеу өтіп жатыр. Жасөспірімдер арасындағы бәсекеге Орталық Азия елдерінің, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Иранның үздіктері жиналды. Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша жерлестеріміз сәтті өнер көрсетіп, финалға жолдама алды. Ерлер арасында Қазақстан мен Иран құрамалары бас жүлдені сапқа салса, қыздар арасында Қазақстан мен Өзбекстан бірінші орынға таласады. Қалай болғанда да ұлттық құрама негізгі мақсатына жетті. Өйткені Азия чемпионатына алдыңғы 2 команда өтеді. Сәйкесінше, оған Қазақстан, Өзбекстан және Иран командалары қатысады деген сөз. Жекелей сындағы көрсеткіштеріміз де жаман емес. Алматыдағы турнирдің жеңімпаздары бүгін белгілі болады.