Қарағанды облысында волейболдан ашық біріншілік өтті

Жарысқа қатысқан 12 команданың жартысынан көбі Қарағанды өңірінен. Сонымен қатар Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарынан спортшылар келген. Көршілес Қырғыз елінің «Манас» командасы да дүбірлі додада бағын сынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Болат Дүйсебаев, жарыстың Бас төрешісі:

- Басты мақсат – волейболды дамыту, насихаттау жастардың арасында және де сырттан шақырылған командаларды жастар көріп, олардан тәжірибе алсын деген оймен өткізілуде.

Болат Бөстекбаев ауған соғысының ардагері. Астықты Шахтер ауылының көркеюіне сүбелі үлес қосқан. Турнирге келген марқұмның туыстары мен майдандас достары ардақты азамат жайлы әдемі естеліктерімен бөлісті.

Рауза Бөстекбаева, Б.Бөстекбаевтың қарындасы:

- Осы ауылда еңбек етті, спортпен де айналысты. Бүкіл ел-жұрт арасында құрметті адам болды ғой. Із қалдырды өзінің өмірінде. Болашаққа, жастарға пример болып отыр ғой енді.  

Талғат Хасенов, Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағының төрағасы:

- Алты жыл болды қайтыс болғанына. Өзіміз де бүгін турнирге қатысып жатырмыз, еске алып. Ер есімі-ел есінде дейді ғой.

Турнир өте тартысты өтті. Әр команда жарыс ережесін сақтап, жүзден жүйрік шығуға тырысты.

Ержан Ілиясов, «Намыс» командасының капитаны:

- Жақсы ойын болып жатыр. Қарсыластар мықты екен. Бәрі жақсы дайындықпен келген.

Жарыс қорытындысы бойынша Теміртау командасы бас жүлдеге ие болды. Ал екінші орынды Павлодар облысының ойыншылары еншіледі. Жүлделі үшінші орын алаң иелеріне бұйырды. Барлық жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен және арнайы кубокпен марапатталды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар