Ұлттар лигасы: Қазақстан Беларусьпен бақ сынайды

Тарихи жетістікке жетер мүмкіндік. Бүгін Ұлттар лигасы аясында Қазақстан құрамасы кезекті матчын өткізеді. Магомед Адиев баптайтын жігіттер бұл жолы Беларусь футболшыларымен жолығады. Бірақ бұл ойынды ұйымдастыру біз ойлағандай оңай болмай тұр. 

Аслан Қаженов, тілші:

- Біз қазір Сербия астанасы Белград қаласында, оның ішінде желікті «Портизанстадионның» маңында тұрмыз және Қазақстан құрамасы дәл осы жерде соңғы дайындығын пысықтап жатыр. Ал матчтың өзі Белградтан 140 шақырым қашықтықта жатқан Новый Сад деген қалада өтеді. Былай қарасаңыз, Беларусь құрамасымен кездесеміз. Ал енді оған Белградтың не қатысы бар, Новый Садтың не қатысы бар деуіңіз мүмкін. Айтайын, қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты әсіресе Беларусь футболына салынған санкцияға байланысты осындай шешім қабылданды. Яғни олар  өз алаңында ресми матчтар қабылдай алмайды және алдағы ойын көрерменсіз өтеді. Бұл шектеулер біздің жігіттерге еш кедергі болмауы керек.

Владислав Васильев, Футболдан ұлттық құрама мүшесі:

- Көрерменсіз өтетіні әрине өкінішті. Өйткені біздің жанкүйерлер керемет қолдау көрсетеді. Енді амал жоқ, осындай жағдайда ойнаймыз. Командадағы жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Мен Беларусь чемпионатында доп тептім. Ол жақтағы жағдайды білем. Жігіттермен хабарласып тұрам. Қазір Қазақстандағы біріншіліктің деңгейі, салыстырмалы түрде, әлдеқайда жоғары. Сондықтан алдағы матчта жеңіске жету үшін барымызды саламыз. 

Бір қызығы, Қазақстан мен Белварусь бұған дейін бірнеше рет жолықты. Бірақ жерлестер жеңіске жетіп көрмепті. Сондықтан осы жолы кеткен есені қайтару керек дейді бас бапкер. Оның үстіне қарсыластар сапындағы ең үздік шабуылшы Виталий Лисакович ойынға қатыспайды. Ал ұлттық құрамада барлығы бабында. Ауыр жарақат алғандар жоқ. Бірер күн бұрын сенсациялы жетістікке жеткен жігіттер енді жеңіс жолын жалғастыруға оқталып отыр.

Магомед Адиев, футболдан Ұлттық құраманың бас бапкері:

- Алдағы матч оңай болмайды. Тіпті Словакиядан да мықты қарсылас дер едім. Қазір Беларусь құрамасын тыңғылықты зерттеп, өзіндік сараптама жасап жатырмыз. Біздің командада сары қағаз алғандар көп. Соған қарамастан, бабы келісіп тұрғандарды алаңға шығара берем. Бізге қазір қалай да жеңіске жету керек. Айтпақшы, өткен матчта Исламбек Қуат капитан болды. Бұл жолы да сол міндетті атқарады. 

Қазір ФИФА рейтингінде Беларусь 95, ал Қазақстан 120-шы тұр. Бірақ бұл ойын тағдырына айтарлықтай әсер ете қоймайды дейді мамандар. Өйткені бірер күн бұрын 45-сатыда тұрған Словакия құрамасын ұттық. 

Осының арқасында Қазақстан Ұлттар лигасы С дивизионындағы топтың бірінші сатысына жайғасты. Одан кейін Словакия мен Беларусь құрамалары жайғасты. Сондықтан алдағы ойында қос тарапта аянып қалмасы анық. Сәйкесінше жанкүйерлер үшін тарысты матч болады. Ойынның өзі елорда уақытымен түнгі 00:45-те басталады. 

Аслан Қаженов