А. Құрманғалиев Чехияда үстел теннисінен чемпион атанды

Үстел теннисінен мерейіміз үстем болды. Қарағандылық Алан Құрманғалиев Чехияда үстел теннисінен өтіп жатқан жастар арасындағы халықаралық турнирдің чемпионы атанды. 15 жастағы отандасымыз ә дегеннен қарсылас шақ келтірмей ақтық сынға жолдама алған еді. Финалда Жапониядан келген Казуки Ешиямаға қарсы ойнады. Алан екі апта бұрын дәл осы спортшыға есе жіберіп алған болатын. Бұл жолы қарымта қайтарып, 3:1 есебімен жеңісті жұлып алды.

А. Бублик жарыс жолынан шығып қалды 

Әлемнің 42-ракеткасы отандасымыз Александр Бублик ATP 250 санатындағы турнирдің үшінші кезеңіне өте алмай қалды. Жарыс Германияның Штутгарт қаласында өтіп жатыр. Екінші айналымында қазақстандық спортшы Үлкен дулыға турнирінің үш дүркін иегері Энди Маррейге жол берді. Британиядан келген спортшы екі сетте де басым екенін көрсетті. Нәтижесінде ойынды 3:6, 6:7 есебімен аяқтады. Кездесу бір сағат 45 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Александр Бублик 9 эйс жасады. Сондай-ақ жеті қателік жіберді. Енді жартылай финалға шығу үшін британдық спортшы Грекиялық Стефанос Циципаспен ойнайды.

М.Кукушкин келесі айналымға өтті 

Ал Михаил Кукушкин Ұлыбританияның Ноттингем қаласында өтіп жатқан турнирдің екінші айналымында жеңіске жетті. Бұл жолы ол бұрын әлемнің жетінші ракеткасы болған Фернандо Фердасконы сан соқтырып кетті. Испан спортшысына қарсы кездесу 2 сағат 24 минутқа созылды. Үш сеттің нәтижесі бойынша Михаил Кукушкин 6:3, 6:7, және 6:4 есебімен басым түсті. Ойын кезінде отандасымыз үш геймді қатарынан жеңіп, жеті ұпай иелденді және екі қателік жіберіп алды. Осы жеңістен кейін Кукшкин көгалдағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды.

Айта кетейік, қазір отандасымыз әлемдік ATP рейтінгінде 166 орында тұр.    

Әйелдердің хоккей құрамасы іріктеу кезеңнен өтті 

Қазақстандық қыздар жарап тұр. Көгалдағы хоккейден Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарына іріктеу кезеңінде камбоджалық спортшыларды ойсырата жеңді. Есеп 9:0. Бұл ұлттық құраманың үшінші кездесуі. Алғашқы ойында алаң иелерін, кеше Өзбекстан құрамасынан басым түскен еді. Осы үш жеңіс әйелдер құрамасының Азия ойындарына қатысуына мүмкіндік берді.