UEFA Ұлттар лигасы: Қазақстан – Словакия кездесуіне төрешілер белгіленді

Футболдан UEFA Ұлттар лигасының төртінші турындағы Қазақстан-Словакия кездесуінде қазылық ететін төрешілер құрамы белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Кездесуде бельгиялық Брамом ван Дриске бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Ромен Девийерс пен Кевин Монтени көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де белгиялық Жонатан Лардо. Сондай-ақ төрешінің видео жөнінен көмекшісі нидерландылық Ингмар Оустром.

Айта кетсек, қазақстандық футболшылар С лигасы үшінші тобында сынға түседі. Қарсыластары – Беларусь, Әзербайжан мен Словакия.

Алғашқы үш турдан кейін 7 ұпай жинаған Қазақстан бірінші орында келеді.

Қазақстандық футболшылар Әзербайжанды 2:0, Словакияны 1:0 есебімен тізе бүктірсе, Беларусьпен 1:1 есебімен тең түсті.

Қазақстан – Словакия кездесуі 13 маусымда елорда уақытымен 20:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.