Елордада садақ атудан халықаралық турнир өтіп жатыр

Оған 10 елден 200-ге жуық қатысушы жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Араларында Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаты, бұған қоса, Азия және Еуропа біріншіліктерінің жүлдегерлері бар. Халықаралық турнир садақ атудың 4 бағыты бойынша ұйымдастырылды. Сонымен қатар жекелей және командалық сындардағы жеңімпаздар анықталады. Яғни бас-аяғы 12 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Айта кету керек, астанамыз ашық аспан астында садақ ату турнирін алғаш қабылдап тұр. Бұған дейін жабық кешендегі бәсекелер ғана өтетін. Қаладағы желдің екпіні және ауа-райына байланысты басқа да факторлар жарыстың деңгейіне әсер етеді. Бірақ соған қарамастан рекорд жаңартқымыз келеді дейді ұлттық құрама өкілдері. Байрақты бәсекенің өзі 5 күнге созылады.

ХАЛЫҚ СПОРТЫ ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛДЫ

Дәл осындай атаумен елімізде 4 жылда бір рет өтетін арнайы жарыс бар. Биыл ол Қостанай облысында өтіп жатыр. Жоба бұқаралық спортты дамытуға аралған. Осы мақсатта әр ауылдық округте іріктеу өткізілді. Одан кейін аудандық және облыстық деңгейіндегі іріктеу болды. Барлғынан сүрінбеген 1400-ден аса қатысушы енді республикалық бәсекеге жиналып, өзара мықтыны анықтай бастады. Олар спорттың 9 түрі бойынша жарысқа қатысады. Оның ішінде футбол, баскетбол, волейбол сияқты командалық және үстел теннисі, гір тасын көтеру, қол күресі сияқты жекелей бағыттар да бар. Бұған қоса, жарыс бағдарламасына қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ қосылған. Жарыстың алғашқы күндері волейбол бәсекесі өтті. Халық спорты ойындары 10 күнге созылады. Ал оның жалпы қорытындысы 24 маусымда белгілі болады.

ҚОСТАНАЙЛЫҚ «ТОБЫЛ» БУДАПЕШТТІК «ФЕРЕНЦВАРОШПЕН» ЖОЛЫҒАДЫ

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімі өтті. Нәтиждесінде Қазақстан чемпионы Венгрияның үздік клубымен кездеседі. Алғашқы матч 5 шілдеде Қостанайда өтеді. Бір аптадан кейін қос тарап сырт алаңда ойнайды.