Қоржынымызда тағы бір алтын: Д.Полубояринов әлем чемпионатында үздік шықты

Мексикада өтіп жатқан әлем чемпионатында 81 келіге дейін салмақта сынға түскен Денис Полубояринов қоржынға алтын жүлде салды.

Ол екі жаттығуда да қарсыластарына дес бермей, жалпы есепте үлкен айырмашылықпен топ жарды. Денистің көрсеткіші – 323 кг (143+180).

Итальян Якопо Фальсиноттидің еншісінде үш күміс медаль бар – 293 кг (132+161). Сонымен қатар жарыс қожайыны Иханн Баррера да 3 қоланы қанағат тұтты. Нәтижесі – 280 кг (119+161).

Қазір Қазақстан құрамасы жалпы есепте көш бастап тұр.

Бұған дейін Едіге Емберді мен Ерасыл Сәулебеков жеңімпаз атанғанын жазғанбыз.

Ерасыл Омаров пен Александра Беленко қола жүлдеге қол жеткізді.