Ең үздік әуесқой спортшылар Қостанайға жиналды

Мұнда республикалық халық спорты ойындары басталды. Бұл - 4 жылда бір өтетін бұқаралық сипаттағы арнайы жарыс. Биылғы бәсекеге барлық аймақтан 1400-ден аса қатысушы жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми ашылу салтанатынан кейін олар спорттың 9 түрі бойынша жарысқа араласа бастады. Оның ішінде футбол, баскетбол, волейбол сияқты командалық және үстел теннисі, гір тасын көтеру, қол күресі сияқты жекелей бағыттар бар. Сонымен қатар жарыс бағдарламасына, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындар да қосылған.

Самат Ерғалиев, ҚР МСМ Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі комитеттің төрағасы:

- Іріктеу сындары 3 күн бұрын басталды. Нәтижесінде тоғызқұмалақтан елордалық спортшылар топ бастап келеді. Олардың еншісінде 7 ұпай бар. Ал үстел теннисінде Қарағанды облысының өкілдері 6 ұпаймен тізімде бірінші тұр. Шағын футболда Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарының құрамалары жолығып, бас-аяғы 12 гол соғылды. Қорытынды есеп: 8:4. Ал волейболда Алматы, Шымкент және Қостанайдың көрсеткіші жақсы. Сонымен қатар бесасықтың командалық түрінде Қызылорда мен Қарағанды өкілдері барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Жарыстың жалпы қорытындысы 24 маусымда белгілі болады.

«АСТАНА» ШАБАНДОЗДАРЫ АЛДЫҢҒЫ ОНДЫҚТА – ВЕЛОКӨПКҮНДІК ЖАЛҒАСУДА

«Астана» шабандоздары тағы да алдыңғы ондықта. Словенияның таулы-қыратты аумағында дәстүрлі велокөпкүндік жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті, яғни, екінші кезеңі 174 шақырымға созылды. Оны бірінші болып голландиялық  Дилан Груневеген бағындырды. Уақыт көрсеткіші 4 сағат 12 минут 51 секунд. Ал «Астана» командасынан ең тәуір көрсеткішке Фабио Феллине мен Микеле Гадзоли қол жеткізді. Олар мәре сызығын, сәйкесінше, 6-шы және 8-ші болып кесті. Феллине алғашқы кезеңде де алдыңғы ондықтан табылған. Соның арқасында жалпы есепте 6-сатыға жайғасты және топ басындағы Рафал Майкадан шамамен  1 минутқа қалып келеді. Алда әлі 3 кезең бар. «Словения турының» жалпы қорытындысы 20 маусымда белгілі болады.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ 3 ЕЛДЕ ӨТЕДІ

2026 жылғы әлем чемпионаты 3 елде өтеді.  Солтүстік Америка құрлығында жатқан Канада, Мексика және АҚШ қабылдайды. Халықаралық футбол федерациясы байрақты бәсекені ұйымдастыратын қалаларды да атады. Оған сәйкес, ойындардың үштен екі бөлігі америка төрінде, әсіресе, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Сан-Франциско сияқты ірі мегаполистерде болады. Бұған қоса, тізімге  Мексиканың Гвадалахара, Мехико, Монтеррей сияқты қалалары кірген. Жалпы Мексика бұған дейін екі мәрте дүниежүзілік доданы қабылдаған болатын. Ал Канадада Торонто мен Ванкувер қалалары жарыс қожайыны атанды.

Айта кетейік, 2026 жылғы чемпионатқа 48 құрама қатысады және бұл футбол тарихындағы ең ауқымды әлемдік аламан болмақ. Бұған дейін тек 32 команда өнер көрсетіп келді.

Сондай-ақ...