Children Paralympic Games фестиваліне 350 «ерекше» спортшы қатысады

Елордада Children Paralympic Games инклюзивті спорт фестивалі басталды. Балалар жылы аясында ұйымдастырылған іс-шара Қазақстанның 16 қаласынан келген 350 «ерекше» бала мен жастардың басын қосып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатысушылар бейімделген 10 спорт түрінен сайысқа түседі: бочча, голбол, шығыс жекпе-жегі (каратэ, таэквондо, дзюдо), футбол, инклюзивті хореография, жүзу, жеңіл атлетика, 7*7 футбол.

«Бұл қазақ спорты үшін еліміздің паралимпиадалық қозғалысы үшін айтулы оқиға және нағыз мереке. Осы ойындарды ұйымдастырушыларға, әсіресе, ұйымдастыру комитетіне, жаттықтырушыларға, атлеттердің өздеріне және олардың туыстары мен жақындарына ризашылығымды білдіремін. Бұл ойындар спорттық ерлік пен табандылықтың, әлеуметтік интеграция мен инклюзивтіліктің, құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігінің салтанатын көрсетеді. Сіздер өзгеріс елшілерісіздер. Сіздердің жеңіске деген ерік-жігерлеріңіз қоршаған әлемді позитивті өзгертуге миллиондаған адамдарды шабыттандыруға арналған», – деді іс-шараға қатысушыларға Дәурен Абаев.

Спорт фестивалінің мақсаты-мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды тұрақты дене белсенділігіне және спортпен шұғылдануға ынталандыруды арттыру және бұқаралық спорт бөлігінде мүгедек адамдардың түйіткілді мәселелеріне жұртшылық пен мемлекеттің тиісті назарын аудару.

Спорт түрлері бойынша спорт алаңдарының әрқайсысында спортшылар диагнозына арналған жіктемеге сәйкес және «тең мүмкіндіктер» қағидаты бойынша басқа өңірлерден келген қарсыластармен жарысқа түседі.

Children Paralympic Games-пен қатар паралимпиадалық спорт түрі боччадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Чемпионаттың мақсаты – үздік боччистерді анықтап, олардың одан әрі Паралимпиадаға қатысуларына мүмкіндік жасау.