Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлерде чемпион атанды

Қазақстандық жас теннисшілер ITF және Tennis Europe турнирлерінде чемпион атанды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Шымкент қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы ITF жарысында қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова мен Айя Нұпбай жұптық сында үздік шықты. Олар финалда қазақстандық Әсем Шойбек пен үндістандық Мадхурима Савантты 6:4, 6:4 есебімен жеңді.

Германияның Гладбек қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы ITF турнирінде Аружан Сағындықова, Максим Батютенко, Сандуғаш Кенжебаева, Жанель Рүстемова финалист атанды. Аружан жекелей сында тартысты өткен соңғы бәсекеде доданың бірінші ракеткасы, аргентиналық Лучиано Майонаға жол берді – 6:4, 3:6, 3:6. Максим Батютенко украиналық Илья Максимчукпен бірге жарыс көшбасшылары, аустриялық Ян Кобирский мен жапониялық Рей Сакамотодан ұтылды – 2:6, 2:6. Сандуғаш Кенжебаева Жанель Рүстемовамен бірге супер тай-брейкте ғана германиялықтар Джоси Димс – Теа Лукичке есе жіберді – 3:6, 6:3, 7:10.

Есесіне Армения астанасы Ереванда 12 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы Tennis Europe сайысында қазақстандықтар қарсылас шыдатпады. Таза қазақстандық финалда Роберт Каминский мен Гиорги Брегвадзе жұптық сында Александр Софрыгин мен Диас Төлепбергеновтен айласын асырды – 6:3, 6:4. Жекелей сында тағы бір қазақстандық Родион Трайгель Р.Каминскийді қапы қалдырды – 6:3, 7:6 (7:4). Бұл қарағандылық Р.Трайгельдің жекелей сындағы Tennis Europe додасындағы алғашқы титулы еді.

Осы Ереванда Линара Бөлешева тартысты өткен финалдық бәсекеде ресейлік Виктория Хастеевадан жеңіліп қалды – 3:6, 6:3, 2:6.

Грузияда 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe додасының финалында ақтөбелік Ева Корышева жарыстың бірінші ракеткасы, ресейлік Влада Гурылеваның сағын сындырды – 6:7 (8:10), 6:2, 6:1. Бұл – Еваның осындай екінші табысы. Тағы бір қазақстандық Яна Штода румыниялық Ева Тищенкомен бірге финалда ресейліктер Софья Носонова – Дарья Пашкевичті бас жүлдесіз қалдырды – 6:1, 6:2.

Сондай-ақ...