Садақ ату: елордадағы турнирге Олимпиаданың және әлем чемпионатының жүлдегерлері қатысты

Маңғыстау Медиа

Елордада алғаш рет садақ атудан ашық аспан астындағы бәсеке өтті. Оған 10 елден 200-ге жуық қатысушы жиналды.

Араларында Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаты, бұған қоса, Азия және Еуропа біріншіліктерінің жүлдегерлері бар. Халықаралық турнир садақ атудың 4 бағыты бойынша ұйымдастырылды. Сонымен қатар жекелей және командалық сындардағы жеңімпаздар анықталды. Яғни бас-аяғы 12 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Оның басым бөлігін Ресей және Беларусьтен келген спортшылар иемденді. Ұлттық құрама сапындағы Луиза Сайдиева микс бәсекесінде моңғолиялық жұбымен үздік үштіктен табылды. Ал Талдықорған өкілі Сергей Христич жекелей сында алдына жан салмай, халықаралық турнир жеңімпазы атанды.

Даниал Балтин, жарысқа қатысушы:

- Жарыстың деңгейі жаман емес. Мұнда желдің екпіні қатты. Бұған қоса, соңғы 5 күнде жаңбырдың жауғанын да, аптап ыстық болғанын да көрдік. Бұл әрине, бір жағынан кедергі, басқа жағынан шеберлікті шыңдауға жақсы мүмкін. Осы турнир барысында кермет тәжірибе жинадық.