Super-Bol жобасына іріктеу елдің сегіз қаласында өтеді

Кәсіпқой футболшы болам деген жастарға керемет мүмкіндік. Елордада Super-Bol жобасына іріктеу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатысуға мыңнан астам адам тіркелген. Бүгін «Астана аренада» футбол мамандары талайлардың арасынан таңдау жасады. 

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Кем дегенде екі гол соғып, дубльдің авторы атансам. Жасыл алаңда жаттықтырушылардың көзіне түсіп, ұлттық құраманың сапына қосылсам. Бүгін «Астана аренаға» келген әрбір жас осындай арман-тілекпен келді. Олар Super-Bol жобасына қатысып, өздерінің бағын сынамақ. Жалпы, республика бойынша алты мыңдай адам тіркелген. Соның 50-і іріктеліп, ұлттық құрамамен бірге Талғарда жаттығу өткізеді.

Жобаға іріктеу елдің сегіз қаласында өтеді. Әлқиссасы, қазақ футболының отаны саналатын Семейде басталды. Кейін Павлодар, Ақтөбе, Ақтау, Шымкен, Таразда жалғасты. Жетінші шаһар - елорда. «Астана аренада» бақ сынауға мыңнан астам қыз-жігіт ниет білдірген. Арасында өзге өңірден арнайы келгендер де бар.

БЛИЦ:

- Мен Қызылорда қаласынан келдім. Арнайы осы жоба үшін. Қазір жартылай қорғаушы болып ойнаймын.

- Семей қаласынанмын. Инстаграм желісі арқылы көрдім жобаны. Семейден басталды осы жоба. Сол арқылы көріп-біліп, осыған келіп отырмын. Дос балаларды да шақырдым.

- Сарыағаш қаласынанмын. Осында жұмыс істеймін. Футболшы болып кетсем деген арманым бар.

Жасыл алаңда бәріне теңдей мүмкіндік берілді. Қатысушылардан жеке-жеке команда жасақталды. Әркім ұжымдық ойында шеберлігін паш етті. Жаттықтырушы-мамандар олардың қимылын жете бақылап, қабілетіне қарай таңдап жатыр. 

Мұндай жұба бұрын Ресей мен Эквадорда және тағы бірнеше мемлекетте сәтті жүзеге асқан дейді мамандар. Қазақстандағы жобаға футбол жанашырлары мен қалталы азаматтар қолдау білдірді.

Айдын Қожахмет, жобаның креативті продюсері:

- Соңғы іріктеу финалы 28 маусым күні Алматыда өтеді. Осы күні іріктеуден өткен жеңімпаздар финалдық іріктеуге барады Алматыға. 150 адамдай келу керек. Соның ішінен 50-ін таңдаймыз да 25-ін ұлттық құраманың базасына Талғарға алып кетеміз. Екі айдың ішінде кәсіби команда ретінде дайындаймыз.

Жобаның финалдық кезеңінде әлемнің айтулы футбол сыншылары шақырылады. Талантты танитын скауттардың көзіне түскендер шетелдік және отандық клубтардан шақырту алуы әбден мүмкін. 

Талғатбек Әбдіқожа, Арман Ақшабаев