Велотрек шеберлері Азия чемпионатында топ жарды

14 медаль, оның 4-еуі алтын. Қазақстандық велотрек шеберлері Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, өз мықтылығын кезекті рет дәлелдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байрақты бәсеке Үндістанның Нью-Дели қаласында өтті. Оған 18 елден 300-ге жуық спортшы жиналды. Араларынан «Нұр-Сұлтан» олимпиадалық даярлау орталығының шәкіртері суырлып алға шықты. Әсіресе командалық ізге түсу жарысында Қазақстан құрамасы ерлер арасында да, қыздар арасында да алдына жан салмады. Ал жекелей жарыста Максим Тараскин Азия чемпионы жейдесін кисе, Илья Карабутов ең қиын саналатын омниумда жеңімпаз атанды. Бұған қоса, тректің спринттік түрінде қазақстандық жасөспірім Кирилл Курдиди мәреге бірінші жетіп, алтын медаль еншіледі. 4 алтыннан бөлек құрама қоржынында 5 күміс пен 5 қола бар. Азия чемпионатында топ жарған жерлестерді елорда әуежайынан достары туыстары және жанкүйерлері күтіп алды.

Кирилл Курдиди, велотректен Азия чемпионы:

Нәтиже көңілді көншітеді. Жарыс алдындағы жоспарды толық орындадық. Бірақ жеткен жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Алда әлем чемпионаты бар. Жылдың басты бәсекесі тамызда өтеді. Сондықтан қазір 1 апта демалып, қайтадан кешенді дайындыққа кірісеміз. Құрлықтық жарыстағы нәтижені енді дүнижүзілік додада қайталауға тырысамыз.

ОЛИМПИАДА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Болашақ чемпиондармен бірге. Дәл осындай атаумен елордада Олимпиада күні аталып өтті. Спорттық мереке жыл сайын әлемнің түкпір-түкіпінде тойланады. Мәселен, бізде 29-шы мәрте ұйымдастырылып тұр және биылғы шара Қазақстан Президенті жариялаған Балалар жылына арналды. Яғни өскелең толқын Серік Сәпиев, Гүзел Манюрова, Абзал Әжғалиев сияқты әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарының чемпиондарымен және жүлдегерлерімен кездесті. Шеберлік сағаттарына қатысты. Бірлескен жаттығу өткізді. Кездесу соңында емір-еркін әңгімелесіп, көкейдегі сұрақтарын қойды. Дәл осындай форматтағы шаралар еліміздің басқа аймақтарында да қолға алынды.

Айта кетейік, халықаралық Олимпиада күні 1984 жылы белгіленіп, содан бері тұрақты алатып өтіледі. Оның аясында спорт түрлері кеңінен насихатталады. Бұған қоса достық, түсіністік және ынтымақтастық ұғымдарына ерекше екпін жасалады.